«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстік Қазақстандағы құрылыс нысандары материалмен қамтамасыз етіледі

2018 жылғы 01 Ақпан
- Солтүстік Қазақстан облысы
7048 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жергілікті құрылыс материалдары мен жиһаз өндірушілерін тапсырыспен қамтамасыз етуге ниетті. Бұл үшін нысан құрылысы кезіндегі тауарларға қажеттілікті анықтайды.

Аталған мәселе Отандық тауар өндірушілерді қолдау және отандық тауарды өткізу комиссиясы Жұмыс тобының отырысында қаралды.

«Бүгін біз өңірде облыстық құрылыс басқармасы мен қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан ынсандардың тізімін қараймыз. Жергілікті тауар өндірушілерге тапсырыс беру үшін жаңадан салынып жатқан және былтырдан жалғасып жатқан құрылыс нысандарына қажетті құрылыс материалдары мен жиһаздарды анықтау мақсатында жүргізіледі», – деп түсіндірді Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшылар қауымдастығы директорының міндетін атқарушы Валерий Дорошенко.

Бұл үшін Жұмыс тобының жиынына мемлекеттік органдар, мердігерлік ұйымдар, құрылысшылардың қоғамдық бірлестігк өкілдері, сондай-ақ құрылыс материалдары мен жиһаз өндірушілері шақырылды.

Солтүстіктегі кәсіпкерлерді өңірде қандайда бір нысан құрылысында жергілікті өндірушілер бола тұра басқа өңірдегі өндірушілердің өнімін қолданатындығы алаңдатып отырғаны бүгін ғана емес. Кәсіпкерлердің айтуынша мердігерлер елордалық, тіпті ресейлік өндірушілерді таңдайды, бірақ көлік шығынын есепке алса, бұл тіпті тиімді емес.

Сол себепті де осы мәселеге қатысты сауалды мәрдігерлерге де, тапсырыс берушілерге де тікелей қойды.

«Менің тапсырыс берушілерге қояр сауалым бар. Үкіметтің талабын неліктен орындамайсыздар? Үкіметтің «Тапсырыс берушінің функциясын жүзеге асыру және қызметін ұйымдастыру Ережесін бекіту туралы» Қаулысына сәйкес, сіздер мердігерлерден тиісті құжаттарды талап ете отырып, құрылыс материалы мен жиһазды қайдан және қандай бағада алып жатқанын сұрауға құқықтарыңыз бар», – деді «Арт сити» ЖШС директоры Александр Ещанов.

Бұл сауалға Петропавл қаласы Құрылыс бөлімі құрылыс секторының жетекшісі Мариям Мұқашева жауап берді:

«Ол жеке кәсіпкер болғандықтан, оның қаржылық ісіне араласа алмаймын. Бастысы отандық үлес қамтылған, сапасы да сәйкес».

Алайда кәсіпкерлер бұл жауапқа қанағаттанбады.

«Сіз тапсырыс беруші ретінде құжат талап етуге құқылысыз. Сіз заң талабын орындамай отырған боласыз. Мұнымен қоса, Үкіметтің Қаулысында осындай түзету де бар, онда посттендерлік сатып алулар комиссиясының қарауында егер тауар өңірде шығарылса, басқа жерде сатып алынса, сатып алу жүргізілген сомаға құны азайтылу керек», – деп нақтылады «Арт сити» ЖШС басшысы.

Ал құрылысшылар бағасы сәйкес келсе, жергілікті тауарды сатып алуға қарсы емес.

«Әрине басқа жақтан тасығанша, тауарды осында сатып алған тиімді. Егер бағасы мен сапасы сәйкес келсе сіздерден аламыз. Құрылыс материалдары мен жиһазды Астанадан тасиды, ол тиімсіз деудің дәл қазір мәні жоқ. Егер біз Астанадан алған болсақ, онда ол әрі арзан, әрі сапалы болуы ықтимал. Мысалы, 2016 жылы 80 шаршы метр тұрғын үй салуға Екібастұздың кірпішін алдық. Оның бағасы арзан, сапасы да жақсы болды. Ал қазір оның бағасы қымбат, сондықтан Көкшетаудан тасимыз. Ал Петропавлда бұл өндірілмейтінін білесіздер», – деп жауап қатты «Севимстальком» ЖШС директоры Сұлтанбек Газдиев.

Тапсырыс берушілер құрылысшылар мен өндірушілерге Солтүстік Қазақстан облысында жоспарланған құрылыс нысандары туралы ақпарат берді. Прокуратураның әкімшілік ғимараты, Спорт сарайының жанынан 500 орындық театр, тұрғын үй мен мектеп салу жоспарланған, бірақ бас мердігер әлі анықталмаған.

Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы бұл шараны ұйымдастыра отырып, өңірдегі құрылыс материалдарын өндірушілер, тапсырыс берушілер мен бас мердігерлер арасында байланыс орнатуды мақсат етті. Осы бағыттағы жұмыс бірден бастау алды. Мысалы Жұмыс тобының отырысынан кейін, ертесінде өндірушілер тобы тапсырыс берушілермен бірге жобалаушыларға баруды жоспарлады. Мұндағы мақсат – Солтүстік Қазақстан облысында шығарылатын құрылыс материалдары мен жасалатын жиһаздар туралы ақпарат беріп, нысан жобасының жоспарына енгізу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер