«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

БҰҰ ДБ және Ұлттық палата шаруа қожалықтарында жаңартылатын энергия көздерін енгізіп жатыр

2023 жылғы 03 Ақпан
6449 просмотров

Шағын фермерлік шаруашылықтарда жаңартылатын энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жобаны Жапонияның қаржылай қолдауымен ҚР Үкіметі, БҰҰ Даму бағдарламасы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  іске асырып жатыр.

2022 жылдың 9 қарашасына дейін шаруалардан өтінім қабылданды. Қазақстандық 36 фермер жобаға қатысуға ниет білдірді. Өтінімдер қатысушылардың қызығушылығына, сондай-ақ фермерлік шаруашылықтардың БҰҰДБ жобасында айқындалған талаптарына сәйкестігі негізінде жүзеге асырылды. Олар «Атамекен» ҰКП сайтында да онлайн режимде іріктелді.

Өтінімдер жылқы шаруашылығы, етті мал шаруашылығы, құс және қой шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, дәрілік шөптер мен жидектер өсіру, балық шаруашылығы, сүт шаруашылығы, сүт өңдеу сынды 10 бағыт бойынша түсті.

Бұдан басқа, өткен жылдың күзінде БҰҰ ДБ өкілдері «Атамекен» ҰКП және JICA (Japan International cooperation Agency) өкілдерімен бірлесіп, жобаға қатысқысы келетін шаруа қожалықтарымен танысу үшін Қазақстанның өңірлерін аралады.

«Жобаны іске асыруды біз әлеуетті қатысушылар және әкімдік өкілдерімен өңірлерде тікелей талқыладық, облыстардағы фермалар мен жылыжайларға бардық. Мұндай көшпелі кездесулер әрбір фермердің нақты әлеуеті мен бизнесінің қуаты туралы түсінік берді», – деді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Табиғи-климаттық және географиялық аймақтарды бағалау қорытындысы, жобадан күтілетін мультипликативтік әсер, сондай-ақ консультациялар және жоба серіктестерімен келісуден кейін өңірлер бөлінісінде жобалардың көлемі мен саны айқындалды. Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері көп ұпай жинады. Атап айтқанда: «Ардағым» ШҚ, «Болашақ» ШҚ, «Ынтымақ» ШҚ, «Қаратомар» ЖШС, «Сухова В.П» ЖК, «Дон» ШҚ, «Фермеры Чилика» АӨК, «Азия Голд» ЖШС, «Поспелов» ЖК, «Шығыс Универсал» ЖШС топ жарды.

«Шаруалар фермаларында «жасыл»  технологияларды енгізгісі келеді, бірақ әзірге бұл өте қымбат. Сондықтан жоба осы салада қолдау көрсетуге бағытталған. Атап айтқанда, таңдалған фермаларда суды үнемдейтін қондырғылар, энергия түзетін күн панельдері орнатылады. Сонымен қатар, барлық фермер бүкіл Қазақстан бойынша жиілеп кеткен құрғақшылықтың нақты қаупін атап өтті. Қуаңшылық салдарынан фермерлер шығынға ұшырайды. Жоба аяқталғаннан кейін бұл фермалар көрші шаруа қожалықтарымен тәжірибе алмасу үшін көрме және білім беру алаңына айнала алады. Біз фермерлермен жабдықтар және технологияларды пайдалану тәжірибесін міндетті түрде тарату туралы арнайы келістік», – деп атап өтті БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының менеджері Сәулет Сәкенов.

Бұл бастама өнімділікті арттыруға көмектесіп қана қоймай, қоршаған ортаға жүктемені азайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері, суды үнемдеу үшін цифрландыру және көптеген фермада енгізуге болатын құрғақшылыққа қарсы технологияларды көрсету жоспарланған.

Жапония БҰҰДБ-ның «Климаттық уәде: уәдеден әрекетке» жаһандық бастамасын іске асырудың келесі кезеңінде ең ірі серіктесі болды. Жобаны іске асыру шеңберінде Жапония үкіметі Қазақстанға ұлттық климаттық міндеттемелерді орындау үшін қаражат бөлді. Климаттық оңтайландырылған агротехнологияларды енгізу жөніндегі жаңа жоба Қазақстан өңірлеріндегі фермерлерді қолдауға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісінде цифрлық мониторингті қолдана отырып, жаңартылатын энергия көздерін (жел және күн) пайдалану жөніндегі шешімдерді пилоттық жобада сынап көруге бағытталған.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер