«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шиелі ауданының кәсіпкерлерімен кездесу

2025 жылғы 13 Қараша
- Қызылорда облысы
79 просмотров

12 қараша күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, кеңес мүшелері, палата директоры Пірмұхаммед Сыздық және мемлекеттік мекеме, құзырлы орган, микрокредиттік ұйым өкілдерімен бірлескен жұмысшы тобы құрылып, Шиелі ауданы кәсіпкерлерімен кездесті.

Ең алдымен жұмысшы топ жергілікті өндіріс орындарымен танысу мақсатында аяқ-киім тігетін кәсіпорынға барды. Аталмыш цех қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан қазақтың дәстүрлі аяқ киімдерін, саптамалы байпағы мен етік, мәсі, құрым етіктер тігіп, дәстүрлі өнерімізді жаңғыртып жатыр. Сонымен қатар, бұндағы заманауи аяқ киім тауарлары сапасының жоғары және бағасының қолжетімді болуына орай үлкен сұранысқа ие.

Сонан соң Өңірлік кеңес төрағасы мен мүшелері және Палата директоры алдымен Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековпен кездесті. Аудан әкімі ауданның экономикалық даму көрсеткіштері мен кәсіпкерлік саласындағы жаңашылдықтарды, оның ішінде Кәсіпкерлер палатасының өңір дамуына қосып келетін үлесін айтып өтті.

  

Арман мәдениет үйінде өткен кездесу аясында кеңес мүшелері жергілікті өнімдерден тұратын көрмені тамашалады. Көрмеде кәсіпкерлер сүт, ет өнімдерін, тұрмыстық және құрылыс заттары мен қолөнер бұйымдарын, кондитерлік және шұжық өнімдерін ұсынды.

  

Жиында алғашқы сөзді Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов айтып, кездесудің мақсатын түсіндіріп өтсе, Шиелі ауданының прокуроры Нұрбек Қаратаев кәсіпкерлерге арналған инвестициялық жобаларды және жергілікті бизнес өкілдерінің құқығын қорғау шараларына тоқталып өтті. Сонымен бірге прокурор несиені оңай жолмен алу үшін алаяқтарға сенбей, тек мемлекеттік, құзырлы органдарға жүгінуін сұрады.

«Біздің басты мақсат – кәсіпкерлердің мәселесін тікелей өз аузынан естіп, нақты шешу жолдарын қарастыру. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары әр кәсіпкерге қолжетімді болуы тиіс. Палата бұл бағытта кәсіпкерлерге әрдайым нақты қолдау көрсетеді», – деді Ерлан Раимов өз сөзінде.

Шараға арнайы келген мемлекеттік және кредиттік мекеме өкілдері кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен түсіндірме беріп, кәсіпкерлердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың дені салық жүйесіне, Қазпоштаның тасымал қызметіне және кепілдеме арқылы берілетін несиеге қатысты мәселелер болды.

      

Кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері мен мәселелері палатаның Шиелі ауданы бойынша директоры Бекзатхан Бауыржанұлына тапсырылды. Алдағы уақытта аудан көлемінде шешілетін мәселелер жергілікті атқарушы органдардың көмегімен, ал облыстық немесе республикалық көлемде шешім табатын сұрақтар Өңірлік кеңес отырысында көтеріліп, шешу амалдары қарастырылатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174