«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстіктегі шаруаға жерді алға алу мерзімі ұзартылды

2018 жылғы 14 Ақпан
- Солтүстік Қазақстан облысы
4164 просмотров

Кәсіпкердің рұқсат құжаттарына қатысты әуре-сарсаңы бір жылға жуық уақытын алған. Мәселенің түйіні прокуратура араласқаннан кейін ғана шешілді

Былтыр жаз мезгілінде Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының Шал ақын ауданындағы филиалына «Айна» шаруа қожалығының басшысы Александр Черкас жүгінген. Кәсіпкер аудандық жер қатынастары бөлімінің әрекетсіздігіне шағымданды.

«2016 жылы Александр Леонидович аудан әкіміне 636 гектар аумағындағы жерді уақытша жалға алу мерзімін ұзарту өтінішін жазған. Кәсіпкер бұл жерді асыл тұқымды ірі қара мал басына екінші реттік лизинг алу жобасын жүзеге асыру үшін пайдаланғысы келген. Шаруа қожалығы басшысының өтініші жер комиссиясының отырысында қаралып, кәсіпкердің жерді пайдалану құқығын тағы 10 жылға ұзартуға ұсыныс берілген. Алайда процесс осымен тоқтаған. Өтініш иесіне жер комиссиясы отырысының хаттамасы таныстырылмаған, әкім қаулысының шешімі де жоқ», ­- дейді мән-жайды баяндаған ӨКП жергілік филиалының директоры Мұхамеджан Жақсыбаев.

Мәселені анықтағанда мемлекеттік орган өтінімді қарау мерзімін бұзғаны анықталған. Сондықтан кәсіпкерге прокуратураға жүгінуге кеңес берілді. Қадағалау органы тексеру жүргізіп, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының атына прокурорлық жауап қату актісі шығарылды. Кейін жеке тұлға өтінімін қарау мерзімін бұзған шенеунік лауазымдық қызметінен алынды. Шаруа қожалығының басшысы әкімдік қаулысына қол жеткізді. Бүгінде кәсіпкерге жер учаскесіне қатысты құжаттар беріліп, ісін жалғастыруға мүмкіндік жасалды.

«Палата филиалы мен прокуратураның бірлесіп атқарылған жұмысының нәтижесінде мәселе жедел шешімін тапты, осы үшін алғыс білдіремін. Енді ауыл шаруашылығын дамытуды сеніммен ойластыруға болады. Жалпы ауданда мәселеңе құлақ түріп, көмектесуге дайын ұйымның бар екені қуантады. Палатаға бірінші рет жүгіндім, енді бұл соңғы бола қоймас. Таныс кәсіпкерлердің бәріне қайда жүгіну керектігін айтып жүремін», - дейді «Айна» қожалығының басшысы Александр Черкас.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер