«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шебердің қолы ортақ

2016 жылғы 01 Наурыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
10754 просмотров

Петропавлда  «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік кәсіби шеберлік байқауы өз мәресіне жетті

Биыл байқауға облыстағы 12 оқу орнынан 46 студент қатысқан. Олар түрлі жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуда.

Еске салсақ, аталған байқау әлем елдерінде 1946 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінгі таңда оны 70 ел ұйымдастырады, бұл дегеніңіз байқаудың миллионнан астам қатысушысы бар деген сөз. Қазақстан олардың қатарына 2014 жылдан бастап қосылған. Алғашқы «World Skills Kazakhstan» өңірлік чемпионаттары былтыр өткен. Солтүстік Қазақстан облысы да бұл байқаудан қалыс қалмады. «Чемпионаттың жабылу салтанаты біздің ел үшін ерекше  күн – 1 наурыз – Алғыс айту күнінде өтіп отырғаны көңіл қуантады. Бұл Қазақстанда тыныштық, үйлесім, сенім мен сыйластық орнатқан бейбітшілік пен келісім саясатының құрметіне белгіленген күн. Кадрлардың кәсіптік даярлығын арттыру саласында маңызы зор «World Skills» чемпионатының басты міндеті білім беру бағдарламалары мен нарық сұранысы арасындағы үйлесімділікке  қол жеткізу. Бұл байқаудың мақсаты жұмысшы мамандықтар беделін арттыру, кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту», – деді СҚО Білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қарынова ашылу салтанатында.

Өңірлік байқауда қазылар алқасы жеңімпаздарды 8 номинация бойынша анықтады. Алғашқы болып «Мектепке дейінгі тәрбие беру», «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» мамандықтары бойынша жеңімпаздар марапатталды. Одан кейін «Плиткамен қаптау», «Кірпіш қалау», «Аспаздық іс», «Дәнекерлеу технологиялары», «Электромонтаждау жұмыстары» және «Құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары» мамандықтарында оқитын студенттерге медальдар мен дипломдар табысталды. Барлығы 24 жеңімпаз анықталды. Олардың барлығы «World Skills Kazakhstan» байқауының  республикалық кезеңінде өнер көрсетпек.

Жеңімпаздарды байқауға даярлаған өндірістік білім беру ісінің шеберлері мен арнайы пәндердің ұстаздары да назардан тыс қалмады. СҚО Кәсіпкерлер палатасы атынан оларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

СҚО КП бөлім басшысы Владимир Литвиненко өз ісінің нағыз шеберлерін даярлап шығарған жандарды марапаттау арқылы алдағы жылдары байқауға өндірісте жұмыс жасайтын жас мамандар да қатысатына өз сенімін білдірді.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер