«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балық орнына қармақ бер

2016 жылғы 17 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
14063 просмотров

Петропавлда 28 мамыр күні алғаш рет «Мөңке балық күні» аймақтық мейрамы өтпек

Аталған шараны СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Қазақстанның Балық аулау спорты федерациясы, Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының қолдауымен «Солтүстік Қазақстан облысы рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы» ҚБ «Мерекелік қала» агенттігімен бірлесе ұйымдастырып отыр.

Ұйымдастырушылар мерекенің екі кезеңнен тұратынын айтады. Түске дейін болатын бірінші кезеңде Пестрое көлінде мөңке балық аулау чемпионаты жоспарланса, екінші кезеңде «Хан ауылы» мейрамханасының жазғы алаңында мерекелік гала-кешкі ас өтпек.

«Біз тек ақ қайыңдарға ғана емес, көлдерге де бай ғажап өлкеде өмір сүріп жатырмыз. Ол көлдерде балықтың түр-түрі бар, шортан, ротан, пелядь, алабұға, ең бастысы – мөңке балық бар. Үйдегі дастарханымызда, сондай-ақ мейрамханаларда ақсерке, форель және майшабақтың алуан түрі секілді теңіз балықтарынан жасалған тағамдар өте көп, десек те біздің жергілікті көлдердегі балықтардан жасалған тағамдар, өкінішке қарай, жоқтың қасы. Сондықтан да біз осы мерекені ұйымдастыру арқылы оның мәртебесін асырғымыз келді. Осылайша, біз сапасы жөнінен шетелден әкелінген теңіз өнімдерінен кем түспейтін, тіптен кей әзірлеу критерийлері бойынша анағұрлым жеңіл пісірілетін жергілікті балықтардың маңызын арттырғымыз келіп отыр», – деді өз сөзінде «Солтүстік Қазақстан облысы рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы» ҚҚ төрағасы Сайран Қамзин.

Сондай-ақ, ол бұл балықтың дәрежесі мен рөлін арттырудың артықшылықтары көп, оның ішінде ішкі туризмді дамыту және балық аулау спортының дамытуға септігін тигізетінін айтты. Бұл идеяны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы да қолдап отыр.

«Соңғы кездері біздің кәсіпкерлер жаңа бастамалар айтып жүргеніне қуанып отырмыз. Егер былтыр олар «Қонақжай Петропавл» байқауын ұйымдастырса, биыл енді міне, мүлдем басқа – мөңке балық мерекесін тойлау бастамасын ұсынып отыр. Біз, өз кезегімізде, бұл бастаманы қуана-қуана қолдадық. «Мөңке балық күні» ішкі туризмді дамытуға белгілі бір үлес қосып, дәл осы мерекенің ізімен Солтүстік Қазақстан облысындағы жаңа туристік маусымның ашылуына байланысты өтетін бірқатар шаралар жалғасып таппақ. Осы мерекеден кейін туризм аптасы өтеді, оның аясында бірінші өңірлік туристік көрмесі, Қазақстан, сонымен бірге Ресей Федерациясы өңірлерінен келетін туристік фирмалар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тарту арқылы ақпараттық тур және туристік маусымның ашылуына арналған үлкен мереке ұйымдастырылмақ. Бұлардың барлығы да кәсіпкерлердің қатысуымен өтпек. Ал «Мөңке балық күні», меніңше, бірлесе күш салудың арқасында танымал болып, өңірімізге келетін қонақтар санының артуына септігін тигізеді», – деді СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова.

Облыстық рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы көтерген бастаманы ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының өкілдері де қолдап отыр.

«ҚР АШМ СҚО орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Марат Есемсейітовтың айтуынша, өңірде ауданы 10 га болатын 2 мың су қоймасы болса, оның барлығында балықтың аталған түрі кездеседі. Сонымен бірге, ол мөңке балықтың солтүстік қазақстандықтардың, әсіресе ауыл тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие екенін де айтты.

«Біздің облыс тұрғындары бұл балықты жақсы көреді, мұны дәлелдейтін сандық деректер де бар. Жылына облыс бойынша 500 тонна мөңке балық ресми түрде ауланады, сондықтан біз белсенді демалыстың бір түрі ретінде спорттық балық аулау саласын дамытуға үлес қосып отырған бұл мерекені қолдаймыз», – деді Марат Болатайұлы.

Бұл бастамаға бизнес субъектілері тарапынан Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да дән риза.

«Өңіріміздегі балық аулау спортының мәртебесі мен деңгейін арттыру – бұл мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен бірге қоғамдастықтың, яғни барлығымыздың алдымызда тұрған міндет. Шетел мемлекеттерінің тәжірибесіне көз салсақ, демалыс пен бос уақытты тиісті қызмет көрсетуге қауқарлы су қоймаларында ұйымдастыруға сұраныс көп. Біздің ел де бұған ақырындап келе жатыр. Қалалықтардың балық аулауға немесе жай ғана демалуға уақыты да, мүмкіндіктері де бола бермейді. Міне, қалаға жақын маңдағы су қоймалары ұсынатын тиісті қызмет түрлеріне деген сұраныс осыдан пайда болып отыр. Сондықтан, мөңке балық мерекесі секілді демалыстың бұл түрі қоғамға қажет деп санаймын. Бизнес субъектілері мен жалпы қоғам бұл бастамаға оң баға беріп, жергілікті сулардағы балық түрлерін насихаттау біздің су қоймалардағы балық өсіру ісін ілгерілетуге, сондай-ақ балық  шаруашылығына бизнес ретінде қарауға септігін тигізетін үлкен артықшылық болады деген сенімім мол», – деді СҚО КП директоры Тұрар Ысқақов.

Бұдан бөлек, бұл күні қалалықтар қызықты балық аулау чемпионатына қатысып қана қоймай, сонымен бірге гала-кешкі астан да дәм тата алады. Онда байқау қорытындылары шығарылып, жетекші аспаздар мөңке балықтан түрлі тағамдар, оның ішінде дәстүрлі балық сорпасын даярлауды үйрететін шеберлік-сыныбын өткізбек.

Мөңке балық аулау бойынша чемпионатқа қатысуға өтінімдер 28 мамырға дейін қабылдана береді. Өтінімдерді Интернациональная, 59-үй мекен-жайы бойынша орналасқан «Риэлт-Сервис жылжымайтын мүлік агенттігі» ЖШС кеңсесіне беруге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер