Заңдағы қайшылықтар өндірістік дәріханаларға қауіп төндірді
Кәсіпкерлер палатасында дәрі-дәрмек өндірісі саласындағы проблемалық мәселелер жөніндегі брифинг өтті
Құқықтық қайшылықтардың салдарынан өндірістік дәріханалар жұмысқа қажетті материалдар сатып алу құқығынан айырылды. Дәлірек айтсақ, «Даярланған дәрілік препараттарды дәріханаішілік бақылау ережелерін бекіту туралы» ҚР ДӘДМ 2015 жылдың 28 мамырындағы №405 бұйрықтың «арқасында», сонымен бірге, Петропавлдағы ҚР ДӘДМ Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы өнімдер мен медициналық техника сараптамасының ұлттық орталығы жабылған соң өндірістік дәріханалар химиялық реактивтерді, дәріханада даярланған дәрілік препараттарды бақылау үшін қажетті титрленген еріткіштерді, тазартылған суды сатып алу, егуге арналған дәріханаішілік дайындамаларды бекіту құқығынсыз қалды. Бұған қоса, аккредиттелген зертханалардың дәріханаішілік бақылау бойынша жұмыстар қабылдау құқығы қарастырылмаған. Бұл проблемалардың барлығы өңірдегі өндірістік дәріханалар қызметі үшін айтарлықтай кедергі болып отыр.
Солтүстік Қазақстан фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының атқарушы директоры Тамара Анохина бұл жағдай туралы өз пікірін білдірді: «Фармацевтика саласы қатаң түрде регламенттелген, біз қойылған нормативті талаптар сапасына тікелей байлаулымыз. 2015 жылы да бізде заңнамалық базаға қатысты жағдай туындаған болатын. Аталған жағдай №405 ведомстволық бұйрық есебінен туындап отыр. Бұл бұйрықтың дәрі-дәрмек даярлау құқығы бар бөлімі заңгерлер ұсынысымен алынып тасталған. Фармацевтикалық ұйымдар мен дәріхана мамандарының пікірімен мүлдем санаспаған. Бұдан кейін біздің ведомстволық министрлік аккредиттелген зертханасын жауып тастады. Нәтижесінде, дәрілік заттарды даярлаумен айналысатын дәріханалар бизнесі жабылу алдында тұр. Мұндай жағдайда бұл дәріханалар мемлекет алдындағы тендерлік міндеттемелерді де орындай алмайды. Сондықтан біз денсаулық сақтау министрлікке хат жаза бастадық. Бастапқыда біз өңірлік аккредиттелген зертхананы жаппауды сұрадық. Сонымен бірге бізге не істеу керек, реактивтерді қайдан алмақпыз, кім бақылайды деген сұрақтар қойдық. Бірақ олар бізді де, біздің проблемамызды да елемеді. Кәсіпкерлер палатасының бары қандай жақсы. Біз оған проблемамызды айтып бардық, ал олар болса бізге көмек берді. Оның өкілдерімен бірге біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, хат жаздық. Нәтижесінде, министрлік қайта қарастыруы қажет құжатқа назар аударған. Енді бізге өзіміз күрескен нормативті құжаттың Жобасы ұсынылды. Оған біздің тілек-талаптарымыз еніп, барлық жайттар нақтыланған. Менің ойымша, бұл жақсы сындарлы құжат болады».
Жеке кәсіпкер Зәуре Өтенова қаладағы дәрі-дәрмек өндірісімен айналысатын, тұрғындармен де, емдеу мекемелерімен де жұмыс жасауға лайықталған жалғыз дәріхананың қожайыны. Басқа дәріханалар ауруханалар мен емханалар сұранысына ғана бағдарланған. Өтенованың айтуы бойынша, оның дәріханасында дәрілік заттар жасауға қажетті материалдар қоры таусылған. Сондықтан, солтүстік қазақстандықтарға қажетті микстуралар, жақпамайлар және өзге де препараттар жасайтын заттар болмай қалайын деп тұр. Химиялық реактивтер, титрленген еріткіштер мен өзге компоненттерді көршілес өңірлердің зертханаларынан алуға мүмкіндік жоқ. Олар болса, белгісіз себептермен, солтүстік қазақстандықтарға қажетті заттарды сатудан бас тартып отыр. «Сондықтан СҚО Кәсіпкерлер палатасының мамандары өңірлік фармацевттер өтінішін ести сала, тез арада осы бір маңызды проблеманы шешу жөніндегі жұмысқа кірісіп кетті. Процесске өзге де өңірлік, оның ішінде Павлодар, Батыс Қазақстан және Астана қаласының палаталары қосылды. ҚР ДӘДМ №405 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы ҚР ҰКП сарапшылық қорытындысынан кейін Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау жөніндегі комитетке жолданды», – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Мұрат Жәкенов. Енді өндірістік дәріханалар тағдыры мен істің ақыры салалық министрліктерге байланысты болмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: