«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шетелден алған тәжірибе – бизнес игілігіне

2016 жылғы 21 Шілде
- Солтүстік Қазақстан облысы
15156 просмотров

Шетелде оқып келген кәсіпкер бәсекеге қабілетті кәсіпорын ашпақ

Шетелдік фирмалармен байланыс орнатуға, бизнес саласы бойынша шетелден серіктестер табуға, басқа жетістіктерге де қол жеткізуге болады. «Іскерлік байланыс» жобасы жүргізген бизнес-тренингтердің барлық пайдалы нәтижелерін тізіп шығу мүмкін емес», дейді СҚО Жамбыл ауданының кәсіпкері Қуат Айтжанов.

Жуырда ол неміс қаласы Дрезденде болып келді. Ол онда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша  «Іскерлік байланыс» жобасы аясында тағлымдамадан өтті.

Солтүстік Қазақстан кәсіпкері көрген-білгенімен бөліседі: «Қазақстандық кәсіпкерлермен бір топ болып Дрезденге келгенде бізді ұйымдастырушы «GIZ» компаниясының қызметкері қарсы алды.  Басқарушы кадрлардың жауапкершігін көтеру және батыстық инвесторлармен серіктестік келісімін орнату  бағдарламалары 20 жылдан аса уақыт бойы жұмыс жасап келеді. Әлем бойынша 160 аса кеңселері бар. Басында біз лекция тыңдап, шығармашылық тапсырмаларды орындадық. Содан соң неміс кәсіпорындарын араладық. Оқытушылар мен біздің жобаларымызды басқарғандар – Еуропа мен Ресейдің танымал бизнес-тренерлері. Біз көлік жасап шығарудың алыбы «Volkswagen» зауытында болдық. Әлем танитын индустриалды холдинг BASF-ке де бас сұқтық. Адлерсхоф қаласының ғылыми-техникалық зертханалары мен институттарын да көрдік. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін ірі зауыттарда да қонақ болдық. Оған қоса биогазды құрылғылармен таныстық. Заманауи құрылыстың, полиграфияның, ауыл шаруашылығының жұмыстарымен таныстық. Лейпцигтегі сауда-өндірістік форумға қатыстық. Онда әр саладағы неміс компанияларымен байланыс орнаттық. Бұл сапарда көрген-білгенім көп. Айтпағым, мен бизнесмен ретінде өз деңгейімді көтеріп қайттым. Маркетинг, менеджмент, инновация саласындағы білімімді еселеп, шетелдік инвесторлармен байланыс орнатып, өз кәсібімнің келешек көкжиегін жобалап келдім».

Қуат Айтжанов – Пресновка ауылындағы «ТұмарАрт» атты полиграфия мен дизайн студиясының директоры. Кәсіпкерлікті 2011 жылы бастаған. Ең алдымен бейнефильмдер, фотосессия, той альбомдарын безендіруден бастаған. Сосын оның фирмасы полиграфиялық қызметтер ұсына бастады. Студияның бірінші жылында кәсіпкер «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша оқыды. Бірнеше жылдан соң «Іскерлік байланыс» жобасы бойынша оқуын жалғастырды. Бұл оқудың Астанадағы алғашқы сатысынан өткенде – палатаның филиалындағы кеңесшілер Айтжановқа екінші сатыдаға өткізетін құжаттарды толтыруға, тағлымдамаға түсуге, өз студиясының түсаукесерін өткізуге көмектесті. Байқаудан аман-есен өткен Қуат Айтжанов Германияда тағылымдама өтуге жолдама ұтып алды. Енді ол «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысуға өтініш берді. «Тұрғындарға арналған үздік тауар» аталымы бойынша. Кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп.

«Алған біліміме сүйене отырып, туған жерімде бәсекеге қабілетті әлемдік стандарттарға сай келетін кәсіпорын ашқым келеді. Жұмыс орындарын ашып, жалпы Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесімді қосуды армандаймын. Менің бизнес көкжиегім шетелге барғалы кеңейді. Оның барлығы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша ашылған «Іскерлік байланыс» жобасы арқасында мүмкін болды. Бұл жоба ұсынған мүмкіндікті пайдалануға Кәсіпкерлер палатасының Жамбыл аудандық филиалының директоры мен кеңесшілері Наталия Лазарева, Гүлім Имашева мен Олжас Әбілмәжінов көмектесті. Және «Даму» қорының менеджерлері де өз үлесін қосты. Сондықтан барлығына жан-жақты көмектері мен кәсіби біліктілігі үшін алғысымды білдіремін!», – деді өз сөзінде Қ.Айтжанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер