«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске арналған түрлі бағдарлама бар

2016 жылғы 18 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
7571 просмотров

СҚО Жамбыл ауданында биыл 8 адам «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, өз бизнесін ашты

Олардың барлығы «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқыған. Тұтас алғанда, жыл басынан бері бағдарлама арқылы 30-ға тарта жамбылдық тұрғын білім алған.

Бұл туралы семинар барысында Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы Наталия Лазарева хабарлады. «Қызметін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін «Бизнес-Кеңесші» тренингтері ұйымдастырылды. Ал кәсібі бар, бірақ оны жаңа тәсілдер арқылы басқарғысы келетіндерге арналған «Бизнес-Өсу» бағдарламасы, «Білім беру», «Құс өсіру», «Қоғамдық тамақтандыру» жобалық оқыту түрлері бар. Фермерлер деңгейін арттыру үшін ҰКП жанынан Агробіліктілік орталығы ашылғаны аян. Жуырда ондағы ғалымдар мен сарапшылар өңірдегі іргелі қожалықтарда сабақтар өткізіп, қазақстандық және шетел тәжірибесі туралы айтып берді», – деді Наталия Лазарева.

Еске салсақ, бизнес пен билік арасында сындарлы әрі тиімді қарым-қатынас орнату үшін Кәсіпкерлер палатасында өтетін семинарлар мен өзге де шараларға тұрақты түрде мемлекеттік органдар өкілдері шақырылып отырады. Шенеуніктер үшін – бұл кәсіпкерлердің проблемалары туралы олардың өз аузынан есту, сонымен бірге оларға өзекті ақпаратты жедел түрде жеткізу мүмкіндігін береді, ал бизнесмендер көкейіндегі мәселелерге тез жауап ала алады. Мәселен, жақында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары салық заңнамасындағы өзгерістер туралы әңгімеледі. Олардың хабарлауынша, қазір саудамен айналысу үшін патент рәсімдеудің қажеті жоқ, сонымен бірге мемлекеттік қызметтер көрсетудің эксаумақтық қағидасы, салықтық есептер формаларындағы өзгерістер, темекі және темекі өнімдерін, мұнай өнімдерін республика ішінде тасымалдау және елге әкелу кезінде  ілеспелі жүкқұжаттың болуы туралы талаптар жөнінде ой өрбіді. Бұдан тыс, шенеуніктер тексерістерге жарияланған мораторидің мерзімі өткенін және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдары салық төлеушінің мүлкін (тұрғын жайлардан басқасын) түгендей алатынын, оның ішінде импортталатын тауарлардың тауарлық-көліктік құжаттарының болуы, бұл жүк құжаттарындағы  атаулар мен мәліметтердің сәйкестігін және т.б. тексере алатынын еске салды. 

СҚО КП, өз кезегінде, өз ісін ашқысы келетін бизнесмендер мен тұрғындарға бинес-жоспар құруда, заңды көмек көрсетуде қол ұшын созып, көптеген мәселелер жөнінде кеңес беретінін де еске салды. Бір сөзбен айтқанда, Палата жамбылдықтардың кез келген іскерлік бастамалары мен идеяларын қолдауға дайын екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер