«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауылда кәсіпкерлігін дамытуды талқылады

2016 жылғы 29 Қыркүйек
- Павлодар облысы
7417 просмотров

Ауылдағы бизнеске қолдау көрсету бағдарламалары туралы ақпаратты ауыл тұрғындарына жеткізу және өзге де түйткілді мәселелерді талқылау мақсатымен Кәсіпкерлер палатасы Шарбақты ауданының филиалы басшылығы ауылға келді    

Кәсіпкерлер палатасы Шарбақты ауданы филиалының директоры Әмір Байысовтың айтуынша, жұмыс тобы Жаңаауыл, Сүгір, Садық-Ашы, Шалдай, Шошқалы, Бозолан, Жылы-Бұлақ, Қос-Құдық, Көл-Бұлақ ауылдары тұрғындарымен кездескен. Онда тұрғындарға жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер мен өз бизнесін одан әрі дамытуды мақсат ететін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы әңгімеленген. Мәселен, облыс аумағында шағын және орта бизнес субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, фермерлерге «Атамекен» ҰКП ұсынған «Кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы» бағдарламасы да таныстырылған. Естеріңізге сала кетейік, бағдарлама аясында микронесие беру ауқымын кеңейту, тұрғындарға бизнес негіздерін жаппай оқыту, ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған өзге де оңтайлы шаралар қарастырылған.

Әмір Байысовтың айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен әр адам өзінің бизнес-бастамасын іске асырып, өз кәсібін аша алады. Бір айта кетерлігі, қатысушылар арасында өзінің бойындағы кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға мүдделі тұрғындар да бар екен. Десе де шаруаларды мазалайтын түйткілді мәселелер де жетерлік. Мысалы, ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі кепіл мүлкі болып отыр. Себебі, елдімекендер облыс орталығынан 50 шақырымнан астам жерде орналасқан, ал екінші дәрежелі банктер мұндай шалғайда орналасқан мүлікті кепілге қоюға әзер дегенде келісім береді екен. Сонымен қатар, шаруаларды ауылды жерлерге бағытталған «Агробизнес-2020» бағдарламасы қызықтырған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының сыйақы мөлшерлемелері, несие мерзімі, субсидия беру, мүлік кепілі сынды мәселелер төңірегіндегі сауалдар да назардан тыс қалмаған.

Ескере кетер жайт, шалғайда жатқан ауыл тұрғындары үшін аудан басшылығының келуі маңызды оқиға екені анық. Себебі, олар мұндай кездесулерде көптеген жаңа әрі пайдалы ақпараттарға қанық болып, өзекті мәселелер төңірегінде өз пікірлерін білдіріп, шешу жолдарын ұсына алады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер