Өзгеге үлгі, маңайына қамқор
Шал ақын ауданында әйел кәсіпкер ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің тізгінін ұстады
Екі жылдан бері ауданда ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері (АӨК) жұмыс істейді. Олардың саны – 26. Мұндағы ауыр жұмыстарды тек ерлер емес, әйелдер де істей алатынын Гүлсан Мауина дәлелдеп отыр. Кәсіпкер әйелдердің саны өте көп, ал ауыл шаруашылығы өндірісінің басшысы қызметін атқаратын әйелдер жоқтың қасы. Гүлсанның ауыл шаруашылығы саласында бизнес жүргізуде тәжірибесі мол. Оның жеке шаруа қожалығы бар, алайда АӨК – ол үшін үлкен жаңалық болып отыр. «Ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басты қағидасы – адамдар саған сенім артып, бүкіл қорасындағы малымен кооператив құрамына енеді. Мен өмір бойы Шал ақын ауданындағы Семиполка ауылында тұрып келемін. Жоғары педогогикалық білімім де бар. Алайда ауылда мал шаруашылығын дамытуға ден қойдым», – дейді кәсіпкер Гүлсан Мауина. Ол былтыр өз ауылының тұрғындарымен жұмыс жүргізіп, «Семиполка жалыны» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін тіркеді. Оның құрамына 45 үлескер кірді. Жергілікті малдың тұқымын жақсарту үшін асыл тұқымды төрт бұқа сатып алынған.
«Ауыл үшін асыл тұқымды бұқа асырау – таңсық жағдай. Біздің алдымызда ол қалай жерсінеді, өздерін қалай ұстайды, қалай қыстап шығады деген сынды сауалдар туындады. Бірінші жылы мемлекет субсидия беріп, жақсы қолдау көрсетті. Биыл ауылшаруашылық өндірістік кооперативін қайта тіркеу кезінде бірқатар мәселеге тап болдық. Бастапқыда ауылдық тұтыну кооперативі ретінде ашылған едік. Алайда биылғы жылдан бастап ауылшаруашылық өндірістік кооперативі болып тіркелуіміз керек екен. Осы мәселемен Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына келдім. Жұмыс барысында тағы да бірқатар мәселелер туындады. Қазір оны Палатамен бірге шешіп жатырмыз. Мысалы, қайта тіркеуге орай танкер-салқындатқыш сатып алу үшін несие алу керек болды. Оның шешу жолын Палата түсіндіріп берді», – дейді кәсіпкер. Ондағылар Гүлсанға бизнес-жоспар жасауға көмектесті. Осылайша ол бір аптаның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан несие алды. Гүлсан Мейрамқызының алдында әлі де көп міндет тұр. Алайда ол барлық мәселерді шешетініне күмән келтірмейді. Оны өңірдегі әйелдердің барлығы үлгі тұтады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: