«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Қазкоммерцбанк» кәсіпорынды тақырға отырғызды

2016 жылғы 26 Қазан
- Солтүстік Қазақстан облысы
12373 просмотров

Неліктен мемлекеттік органдар банктің заңға қайшы әрекеттеріне көз жұма қарап, жылдар бойы жалғасып келе жатқан сот ісіне нүкте қоя алмай келе жатыр?

Петропавлда өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі отырысының күнтәртібінде көп жыл бойы шешімін таппай келе жатқан тағы бір даулы мәселе қаралды. Әбден тығырыққа тірелген «Лесокомплекс 2030» ЖШС Палатаға осыдан бірнеше жыл бұрын шағымданып келген еді. ҰКП сот пен прокуратураға бірнеше мәрте өтінім білдіргенімен, мәселе бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Десе де, Палата сарапшылары қол қусырып қалған емес. Олар күні бүгінге дейін бизнесменнің құқығын қорғауға табандылықпен атсалысып келді.

«Лесокомплекс 2030» ЖШС 2007 жылы «Қазкоммерцбанк» АҚ-нан жылына 14%-дық мөлшерлемемен 2017 жылға дейін 900 мың АҚШ доллары көлемінде несие алған. Кәсіпорынның несие алудағы мақсаты – өзге банктегі қарыз қалдығын жауып, қайта қаржыландыру, айналым қаражатын толықтыру және инвестиция құю еді. 2008 жылы сыйақы мөлшерлемесі алдымен жылына 16%-ға, кейін жылына 18%-ға дейін артқан. Кейін «Даму» қорының келісімімен қарыздың бір бөлігі қайта қаржыландырылған. Бұл ретте, несие бойынша сыйақы мөлшері жылына 12,5%-ды құрап, қаржыландыру мерзімі 2017 жылдан  2015 жылға дейін қысқартылған. Алайда бұдан ай сайынғы төлем көлемі азайып кетпегенін ескерткен жөн. 2009 жылы қарыздың қалған бөлігі  жылына 11%-ға дейінгі мөлшерлемеге азайтылып, қайта қаржыландырылған. Сонымен бірге, ұзақ мерзімді несие бойынша қаржыландыру мерзімі  2016 жылға дейін қысқартылған. Бұл да ай сайынғы төлем мөлшерін азайтпаған екен. Нәтижесінде, барлық қарыз жылына 8%-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен қайта қаржыландырылыпты. 2010 жылдың маусымында энергиямен қамтамасыз ету мәселесінің туындауына байланысты, «Лесокомплекс 2030» ЖШС несие төлеу мерзімін кешіктіреді.

Осылайша, кәсіпорынның «Қазкоммерцбанкпен» өткен келіссөздері нәтиже бермей, банк мерзімі өткен қарызды капитализациялауға рұқсат бермеген. Сонымен қатар, басқа банкке өтуге де жол бермеген. Тіпті, төлемдер бойынша уақытты кейінге шегеру немесе жеңілдіктердің басқа да түрлерін ұсынбаған. Айте кетерлігі, «Лесокомплекс 2030» ЖШС 3 жыл бойы ай сайын кешіктірмей орташа есеппен 2,5 млн теңге төлеп келген.

Нәтижесінде, 2011 жылдың 14 шілдесіндегі сот  шешімімен «Лесокомплекс 2030» ЖШС мен оның директоры Андрей Андреев «Казкоммерцбанк» АҚ-на 92,2 млн теңге беру туралы шешім шығарылған. Сонымен қатар, кепіл мүлігі талап етілген. Сот шешімі 2011 жылдың 30 қарашасында заңды күшіне енеді.

«3,5 жыл бойы үзілместен несие төлеп келдік. Алматыдан жаңа директор Ерлан Қожабергенов келгеннен бері бізде проблемалар басталды. Біз несиені уақытында төлей алмадық, сосын одан кейін де несие желісін төлеу тоқтап қалды, тіпті, банк қаражатына алынған барлық қондырғыларды іске қоса алмадық. Біз жағдайды түсіндіріп, басқа банктерге өту туралы да өтініш білдірдік. «Қазкоммерцбанк» бұған тыйым салып, басқа банктерге қоңырау шалып, бізге кедергі келтірді. Салдарында, бізге дефолт жариялады, сотқа беріп, барлық істі сот орындаушыларына берді. Олар бәрінің астаң-кестеңін шығарды. Енді біз не өнеркәсіпті қалпына келтіре алмай, не мүлкімізді ала алмай отырмыз», – деді амалы құрыған «Лесокомплекс 2030» ЖШС директоры Андрей Андреев.

2013 жылы А.Андреев «Қазкоммерцбанкке» оған жер мен ғимаратты сатуға рұқсат беруі туралы өтініш жазған. 2013 жылдың 20 мамырында кәсіпкерге банк жылжымайтын мүлікті сатуға қарсы еместігін, алайда аталған талаптар тек 2013 жылдың 17 мамырына дейін ғана өз күшінде болатынын хабарлаған. Және банк жауабы сол күні поштаға жіберілген екен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексі 250-бабының (қызмет бабын асыра пайдалану) орын алғанын айғақтайды. Себебі, банктегі лауазымды тұлғалар мүлікті сата алмау үшін, әдейі осындай орындай алмайтын мерзім бекіткен. Сонымен қатар, жауап банк келісімі қызметі аяқталған күні берілген екен.

2013 жылдың 29 мамырында сот орындаушысы кәсіпкердің жұбайы атындағы мүлікті оның қатысуынсыз қабылдау-табыстау актісін жасаған. Бұл ретте, мүлікті алушы ретінде «Қазкоммерцбанк» АҚ атынан  Леваков А.В. деп бекітілген. Алайда, Леваков А.В. қолданыстағы  сенімхатта орындаушы деп көрсетілмеген еді. Бұл жағдайда, сот орындаушысы тарапынан заңбұзушылық орын алған. Себебі, ол мүлікті тапсыру ісін Андреевтерсіз және еш куәгерсіз орындаған.

Дәл сол күні Андрей Андреевтің Ұлттық палатаға өтінішімен Петропавл қаласы ІІБ сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену белгілері бар қылмыстық іс қозғаған. Алайда бүгінгі дейін, 1,5 жылдан астам уақыт аралығында жан-жақты объективті зерттеу жүргізілмеген. Палата пікірінше, тергеу органдары тарапынан өрескел қателіктерге жол берілген.

«Сот шешімін орындаудың барлық мерзімінде мемлекеттік сот орындаушылары және банк тарапынан бірнеше мәрте Андреевке қатысты заң бұзушылық орын алды. Осыған сәйкес, кәсіпкер аталған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту  мақсатымен олардың үстінен бірнеше рет шағым түсірді. (…) Сотқа дейінгі тексеру істері барысында аталған қылмыстық іс орынсыз деп танылып, тоқтатылды. Прокурутара бұл ретте, іс бойынша нақты тексеру жұмыстарын жүргізу қажет деп көрсетілген жазбаша өтініш нұсқасын органдарға табыстапты. Алайда, тергеу органдары прокуратура тапсырмаларын толық көлемде орындамаған, бұл өз кезегінде, сотқа дейінгі тергеу амалдары сапасына кері әсерін тигізді», – деді ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Саваленко.

2016 жылдың  10 ақпанында  кәсіпкер Андрей Андреевтің шағымымен, Петропавл қаласы ІІБ тарапынан болған алаяқтық себептері және СҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі тарапынан орын алған өз лауазымын асыра пайдалану фактісімен қылмыстық іс қозғалған.  Бүгінгі күнге дейін, 5 ай бойы әлі күнге дейін іске қатысты жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілмеген.

2016 жылдың 11 тамызында Андрей Андреев Солтүстік Қазақстан облысы прокуроры атына және СҚО ІІД жеке қауіпсіздік басқармасы басшысы атына арыз жазған. 2016 жылдың 26 тамызында кәсіпкерге Петропавл қаласы прокуратурасынан шағымды қабылдаудан бас тартқаны туралы жауап келген.

Аталған мәселелер, Қазақстанның Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша уәкілі Болат Палымбетов пен Солтүстік Қазақстан облысы прокуроры Степан Зайтлер арасында да талқыланған еді. Андреев шағымы ҚР ҰКП бақылауында болмақ. ҰКП сарапшыларының айтуынша, аталған жағдайда – істің дұрыс жүргізілмегендігі және прокуратура органдары тарапынан істің бақылауға алынбағаны анық байқалған.

«Кәсіпорынды рейдерлік тартып алу арқылы құртқан, толығымен тақырға отырғызған. Мен құқық қорғау органдары қызметіне таң қалып отырмын. Бұл шектен шыққан жағдай. Құқық қорғау органдары өздерінің қателіктерін түзеуі керек», – деді Кеңес төрағасы Ғани Қасымов. Ол кәсіпкерге заңды, құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма берді.  «Біз оған қолдау көрсетіп, кәсіпорында қайта қалпына келтіруіміз қажет. Онда 40-тан астам адам жұмыспен қамтылып отыр, бұл дегеніңіз 40 отбасы деген сөз», – деді ол.

Олег Савеленко, өз кезегінде, аталған мәселе бойынша, тергеумен айналысатын жұмыс тобын құру туралы өтінішті Бас прокуратаруға жолдайтынын айтты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер