«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкердің кінәсіздігі сотта дәлелденді

2016 жылғы 22 Қараша
- Солтүстік Қазақстан облысы
5573 просмотров

Полиция қызметкерлері ешбір кінәсі жоқ кәсіпкерге айыппұл салған

Кәсіпкерлер палатасының М.Жұмабаев ауданындағы филиалына жеке кәсіпкер Вадим Кухаренко көмек сұрай келіпті. Оның айтуынша, полицейлер кәсіпкердің дүкенінде жұмыс істейтін сатушыға қатысты кәмелеттік жасқа толмаған жас балаға темекі мен алкогольді өнім сатқаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырыпты. Алайда, сатушы ешқандай жасөспірімге сыра мен темекі сатпағанын айтады.

Әкімшілік істің материалдарына жүргізілген зерттеу сатушының әкімшілік құқықбұзушылыққа жол бергенін растайтын дәлелдер жоқ екенін көрсетті.

Сатушының түсіндіруінше, кәмелеттік жасқа толмаған жас бала дүкенге кіріп, еш нәрсе сатып алмаған, сатушы соңынан баланың киіміне сыра жасырып алғанын, қалтасында темекі жүргенін біліпті.

Тексеру көрсеткендей, осы оқиғаның алдында ішкі істер қызметкерлері мас жасөспірімді ұстап алып, оған ұсыныс жасаған. Қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін тағылатын әкімшілік жауапкершіліктен құтылу мақсатында, ол бала Булаево қаласындағы дүкендерге кіріп, темекі және алкоголь өнімін сатып алу керек болған. Бала бірнеше сағат бойы аудан орталығындағы дүкендерді аралағанымен, ойын жүзеге асыра алмаған. Сосын құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен қорыққан ол «Продукты» дүкенінің сатушысына жала жаппақ болып, туысқанының үйінен ұрлап шыққан темекі мен сыраны дүкеннен сатып алдым деп көрсеткен.

Сонымен қатар, тексеру кезінде ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан жіберілген бірқатар құқықбұзушылықтар анықталды. Мәселен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмаған баланы заңгерлердің қатысуынсыз сұраққа алған. Әкімшілік заңнама талаптарына қарамастан алынған жауап заңсыз.

Кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының есеп беруге арналған кездесуінде аудан кәсіпкерлері аудандағы ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі тарапынан жасалған осыған ұқсас арандатуларға қатысты өздерінің уәжін білдірген екен. Қуанышқа орай, осы жолы үйлестірілген жұмыстың арқасында, сатушының кінәсіздігі дәлелденді және 18 қараша күні М.Жұмабаев ауданының соты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманың күшін жойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер