Келешек – жас кәсіпкерлердің қолында
Осындай тақырыпта Жамбыл ауданында жасөспірімдердің тұлғалық қасиеті мен көшбасшылық қырын дамытуға арналған семинар-тренинг өтті
Жас кәсіпкерлерді қолдау мен жетілдіру – Қазақстандағы өте танымал тақырыптардың бірі. Бүгінгі таңда мемлекет тәуекелшіл жастар үшін барлық жағдайды жасап жатыр. 2050 жылы Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеп отырғаны белгілі, ал ол елдерде шағын және орта кәсіпкерлік ЖІӨ көлемі 50% құрайды екен, сондықтан бұл көрсеткішті өсіру қазіргі жастардың еншісінде. Ауданның ең белсенді жастары осы мәселені талқылады.
Барлығы семинарға 12 елдімекеннен 60-тай жас келіп қатысты. Шара барысында қатысушылар «Бизнес-мектеп» жобасы аясында бизнеске баулитын тегін курстар туралы білді. Ауыл жастарын мазалайтын басты сұрақ: Өз ісімді бастаймын деген жастарға ел көлемінде қандай қаржылық қолдау бар? Жастарға мемлекеттік қолдау тетіктері туралы Кәсіпкерлерді қолдау орталығының қызметкерлері айтып берді. Олар екінші деңгейлі банктердің «Сбербанк Start up», «Damu Start Up»» және «Халық Бизнес Старт» сынды бастамалары туралы әңгімеледі. Жастарға өз ісін ашуға қайтарымсыз қаржы алуға мүмкіндік беретін сантүрлі байқауларға қатысуға болатынын айтып, солармен таныстырды. Жыл сайынғы «Startup «Bolashak», «Сәби» қоры ұйымдастыратын «Өз бизнесіңді қалыптастыр!» байқаулары, оған қоса «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы қаржылай гранттар туралы ой өрбіді.
«Жастар бизнеспен айналысу үшін оларға кәсіпкерлікті алып жүретіндей алғышарттар жасау керек. Өткізілген семинар-тренингтен кейін, біздің елде жастарды қолдау үшін көп нәрсе істеліп жатыр деп айта аламын», – дейді жастармен жұмыс жасайтын маман Жиентайыр Біралин.
Жыл басынан бері ауданда 7 жас кәсіпкер тіркелген. Олар компьютер техникаларын жөндеу, жолаушылар тасымалы, сауда және қоғамдық тамақтану салалары бойынша қызмет көрсете бастады. Алайда жастар өз ісін ашқанда түрлі түйткілдерге тап болып, оларды шешу үшін білім мен машық керек боп жатады. Сол себепті семинарлар, жетістікке жеткен бизнесмендермен кездесулер ұйымдастыру өте өзекті дейді болашақ кәсіпкерлер.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: