«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерліктің даму белестері

2016 жылғы 13 Желтоқсан
- Солтүстік Қазақстан облысы
6065 просмотров

Облыста ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кәсіпкерлер форумы өтті

Егемендіктің 25 жылдығын атап өту қарсаңында бірқатар органдар мен мекемелер өткен жылдарда атқарылған жұмыс нәтижелерін қорытындылап жатыр. Дәл осы сынды, кәсіпкерлер форумында да атқарылған істер жайы баяндалды. Мәселен, өңірде соңғы он жылда кәсіпкерлік субъектілер саны 27 мыңнан 40 мыңға артқан.  Азық-түлік өнімдерін шығару 5,5 есеге көбейген. Ал, бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1,5 есеге өскен. Өңірдің жалпы азық-түлік көлеміндегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 18,5%-дан 23,9%-ға дейін ұлғайған. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов, өз кезегінде, ел экономикасы дамуының негізгі факторларының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады деді. «Тәуелсіздік жылдары қазақстандық кәсіпкерлер нарықта өз орнын тауып, ілгері қадам басып келеді. Кәсіпорындар өнімі шетелдік нарыққа шығарылып, отандық тауар өндіру ісі қарқынды түрде дамып келе жатыр. Бүгін, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, біз кәсіпкерліктің даму нәтижелерін қорытындылап, алдағы жылдарда дамуы тиіс бағыттарды талқылайтын боламыз», – деп атап өтті Ерік Сұлтанов.  Кәсіпкерлердің айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы – кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіп жатқан ең тиімді тетіктердің бірі. 2010 жылдан бастап 900-ге жуық кәсіпкер аталған бағдарламаны ұтымды пайдаланған. Жалпы бұл бағытта республикалық бюджеттен 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген көрінеді. Бұдан бөлек, ауыл кәсіпкерлерінің «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына деген қызығушылығы жоғары екен.  Осылайша, бағдарлама іске қосылған күннен бастап, облыс бойынша 1600 ауыл кәсіпкеріне көмек көрсетілген.

Облыс кәсіпкерлігінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан кәсіпкерлерді бұл күні ерекше марапат күтіп тұрды. Олардың ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Осылайша, «Үздік жас кәсіпкер», «Қайта өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер», «Үздік әйел-кәсіпкер» аталымдарының жеңімпаздары анықталды. Сондай-ақ, жиында Жамбыл, Есіл, Тайыншы және М.Жұмабаев ауданы кәсіпкерлер бөлімі жетекшілеріне Алғыс хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы ұжымы да бизнес саласын дамыту және инвестициялық климатты жақсартуға қосқан үлестері үшін, Алғыс хатпен марапатталды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер