«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік қолдау – жас кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік

2016 жылғы 14 Желтоқсан
- Солтүстік Қазақстан облысы
9182 просмотров

Мұндай пікірді жас кәсіпкер Маржан Аманжолова ортаға салды

Маржан еліміз тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген екен.  Университетті аяқтаған соң, ол мамандық бойынша жұмыс жасаудан бас тартып, кәсіпкерлікпен айналысуда жөн санаған. Тәуекелге бел буған бойжеткен, бүгінде табысы тәуір кәсіпкер болып отыр.  «Бизнес-Өсу» бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдаған ол, өз мақсатына қол жеткізу үшін барын салып жатыр. «Менің бизнесімнің ілгері қадам басуына «Бизнес-Өсу» және «StartUp Болашақ» мемлекеттік бағдарламаларының пайдасы тиді. Аталған бағдарламалардың арқасында, мен жетістікке жеткен кәсіпкерлермен, мені жас кәсіпкер ретінде насихаттаған тілшілермен таныстым», – дейді Маржан Аманжолова.

Бүгінде Маржан өзі сияқты жастарға үлгі көрсетіп жүр. Бойжеткен жақында «Үздік жас инноватор» марапатына ие болды. Қазір ол Петропавл қаласында тағамдар жеткізумен және мейрамхана бизнесімен айналысады. «Жас кәсіпкер ретінде менің алға қойған мақсаттарым көп және осыған сай жоспарларым да жоқ емес. Қазір мен мейрамхана жұмысымен айналысып жүрмін, ал болашақта халықаралық бизнеспен айналысқым келеді. Сол себепті, бүгіннен бастап өз жоспарларымның іргетасын берік қалап, оны дамыта түспекпін. Мұндай іс қолымнан келетініне сенімдімін!», – деп жас кәсіпкер өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті.

Оның айтуынша, ол мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында жас әрі табысты бизнес-ханымға айналған. Яғни, ол барлық жетістіктерге мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізген.  Ол өз кезегінде, бұл бағытты алдағы уақытта дамыту қажеттігін алға тартты. «Меніңше шағын және орта бизнесті – мемлекет экономикасын құрайтын негізгі салалардың бірі деп қабылдағану дұрыс. Мемлекеттің қолдаудың арқасында кәсіпкерлер саны жыл санап артуда, сәйкесінше табыс көлемі де ұлғайып жатыр. Демек еліміз де қарқынды дамып келеді», – дейді Маржан.

Айта кетерлігі, өңірде жыл санап өз ісін ашқысы келетін жас азаматтар саны арту үстінде. Мысалы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына 2016 жылдың басынан бастап 2146 жас азамат қатысқан. Алайда олардың сұранысын қанағаттандыру үшін, мемлекеттік қолдау да қажет болады дейді Маржан. «Кәсіпкерлер палатасы менің бизнесімді дамытуға зор үлес қосты. Мен өз ісімді дамытуға айрықша үлес қосқан бірқатар семинарлар мен форумдарға қатыстым. Кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қоры тарапынан көрсетілген қолдау менің кәсібімді дамытуда ерекше рөл атқарды», – дейді Маржан Аманжолова.

Бизнес-ханымның айтуынша, ел тәуелсіздігінің 25 жылында Үкімет жастардың кәсіп таңдап, маман атануына қатысты барлық жағдайды жасаған. Маржан сынды өзге жастар да аталған іске жауапкершілікпен қараса, Қазақстан Мемлекет басшысы қойған барлық талаптар мен мақсаттарға қол жеткізе алатыны сөзсіз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер