Ескі жыл есірке...
Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес биылғы жылдың қорытынды жиналысын өткізді
Дөңгелек үстел басындағы іскерлік көңіл-күй мерекелік рәсімге ұласты. Биылдыққа Кеңес мүшелері толық құраммен ең соңғы рет жиналып, жылдық қорытынды жасады. 2016 жылы Кеңестің 10-нан аса отырысы өтті, 23 шағым қаралды, оның 12-сі оң шешім тапты. Құрылғалы бері бас-аяғы 20-дан астам жиналыс өткізіліп, түрлі саладағы қызметтер бойынша 59 мәселе қаралды, оның 45-і кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Кеңес төрайымы Инесса Қуанова ағымдағы жыл жемісті болғанын мәлімдеді.
«2016 жылдың 11 айында Палата 34 әкімшілік кедергіні анықтады. Солардың ішінде жергілікті аймақтардағы 23 әкімшілік кедергінің 16-сы оң шешім тапты. Ал 3 ӨКП осыған ұқсас 18 проблеманы республикалық реестрге енгізу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жіберді», – деп атап өтті СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Қазиев.
Шағымдарды талдай отырып, кәсіпкерлер жиі ұшырайтын проблемалар тобының рейтингісі жасалды. Тізімге салық қатынасы саласына (21%); жер, сәулет және қала құрылысы саласына (16%); жылжымалы мүлікті рәсімдеуге, оның ішінде заңдастыруға (8%); АӨК саласындағы субсидия алуға және өзге де мемлекеттік қолдауларға (7%); мемлекеттік сатып алулар саласына (6%); лицензия және рұқсатты рәсімдеуге (5%); бизнес субьектілері арасындағы дауларға (3%); табиғи монополиялар субьектілері мен арадағы өзара ынтымақтастыққа (2%), сондай-ақ тағы басқа да түйткілдерге (еңбек даулары, мемлекеттік органдарға арыздану және басқалар – 32%) қатысты мәселелер енді.
Кеңестегілер бұл мәселелер шешіледі және бақылауға алынады деп сендірді. «Жұмысшы топ облыстық және аудандық прокуратурамен жедел жұмыс істеуде. Облыстық прокуратура ұйымдары 2011 жылы 11 прокурорлық ықпал ету актісін енгізді. «Прокурор кабинеті» тәжірибесі іске қосылды, оған әрбір бизнес субьектісі хабарласа алатын болды. 4 салалық сарапшы кеңес құрылып, қазіргі таңда жұмысын жалғастырып жатыр. Бірқатар әкімшілік кедергілерді Кәсіпкерлер палатасы жергілікті деңгейде қабылданатын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын сараптамадан өткізу кезінде жойды. 312 нормативтік-құқықтық актіге сараптама жасалды. Оның 47-сі бойынша ұсыныстар енгізілсе, 37-сіне сараптама жасауға рұқсат берілмеді», – деді Жеңіс Қазиев.
2016 жылдың 11 айында СҚО Кәсіпкерлер палатасында және оның филиалдарына кәсіпкерлерден 3500-ке жуық шағым түскен, олардың 344-і бизнестерін қорғауды сұрап, оның 293-і қанағаттандырылған. Кәсіпкерлердің мүдделері 380 млн теңгеден астам сомаға қорғалды.
Қорытынды жасап болған соң, марапат кезегі келді. Олардың ішінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары да бар.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: