«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Басты тақырып - мемлекеттік сатып алу

2016 жылғы 30 Желтоқсан
- Солтүстік Қазақстан облысы
6391 просмотров

Қорытынды жиын салтанатты түрде Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттаудан басталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрмет грамотасымен СҚО Ішкі істер департаментінің басшысы Берік Біләлов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев, «Радуга» ЖШС директоры Дмитрий Шарапаев және кәсіпкер Сермұханбет Ахмутдинов марапатталды. Мемлекеттің қалыптасуына, егемендігіміздің нығаюы мен Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС директоры Александр Кондратовқа, жеке кәсіпкер Владимир Левин мен «Основание» ЖШС басшысы Сергей Тимофеевке табыс етілді. «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алғыс хаты Өңірлік кеңестің төрағасы Қуаныш Бишімовке берілді.

Өңірлік кеңес отырысын аша отырып, СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған түйткілді мәселелерді атап өтті. Солардың бірі – құрылыс жұмыстары бойынша конкурс өткізу кезіндегі «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның 26-бабындағы демпингтік шаралар. «Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жарияланған конкурстарда арзан баға ұсынған, бірақ жұмыс тәжірибесі, жұмысшылары, қажетті техникалары мен ғимараты жоқ кәсіпорындар жеңімпаз атанады. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының сапасы нашарлайды», – деді Тұрар Ысқақов. Осы мәселелерді шешу үшін облыс әкімдігінің өкілдері мен бизнес субъектілерінен жұмыс комиссиясы құрылған еді. Биыл білім беру және денсаулық сақтау, тұрғын үй нысандары мен жолдар салуға қатысты мемлекеттік сатып алулар бойынша комиссияның 7 отырысы өтіп, азық-түліктер, тауарлар, қызмет түрлері мен жұмыстарды сатып алу кезіндегі түйткілді мәселелер қаралды. Палатаның көмегінің арқасында 20-ға жуық компания жалпы сомасы 2 млрд теңгеге тең 150 келісімшарт жасады. Бұдан бөлек, білім беру және денсаулық сақтау салаларында арзан бағаға шетелдік сапасыз өнімдерді сатып алу, сондай-ақ тапсырыс берушілердің техникалық ерекшеліктерді дұрыс толтырмауы кәсіпкерлердің шамына тиетін көрінеді.

Сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы квазимемлекеттік сатып алуларда бизнес субъектілерін қолдау жөніндегі жұмыс комиссиясын құрды. Комиссия 4 рет жиын өткізді. Мониторинг қорытындысы бойынша бірнеше проблема анықталды, солардың бірі – ұзақмерзімді шарттар бойынша тапсырыс берушінің өзіне жүктелген міндеттемелерін орындамауы. Нақтырақ айтсақ, жеткізілген өнімді қабылдаудан, келісімшартта көрсетілген өнімдерді жеткізуден бас тарту және «Самұрық-Қазына» қоры бойынша сатып алулар жоспарларын төмендету. Сонымен қатар комиссия бірнеше жергілікті өндірушілердің өнімдерді өткізуге қатысты түйткілді мәселелерін зерттеді. СҚО Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен отандық тауар өндірушілерге жалпы сомасы 1,2 млрд теңге болатын көмек көрсетілген.

Жиналыс барысында сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету, өңірлік даму картасы мен адам капиталын дамыту мәселелері қаралды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер