Аңшылық та кәсібилікті қажет етеді
Өңірде аңшылық пен балық аулау туризмін дамыту қолға алынуда
Облыс кәсіпкерлеріне аң аулайтын 15 жер мен 200-дей балық шаруашылығы бөгені жалға беріледі. Тендерді өткізу тәртібі мен шарттары туралы бизнес субъектілеріне Кәсіпкерлер палатасында түсіндірілді.
Аң аулайтын жерлер мен балық шаруашылығы бөгендерін жалға қалай алуға болады? Соларды бекіту бойынша 12 және 17 қаңтар күндері өтуі тиіс конкурс қарсаңында Кәсіпкерлер палатасы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен және облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, тендерлерді өткізу тәртібі мен шарттарын түсіндіруге арналған семинар-кеңес ұйымдастырды. Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Жасұлан Смағұлов түсіндіріп өткендей, бұл шара осы саладағы бизнесті қолдауға бағытталған облыс прокуратурасының стартап-жобаларын іске асыру мақсатында өткізілуде. «Көбінесе қатысушылар құжаттарды дұрыс рәсімдемейді немесе толық емес құжаттар пакетін ұсынады. Бұл істе тіпті ұсақ-түйектер де маңызды, парақты дұрыс көрсетпейтін жағдайлар болады, осыған бола тізімнен шығарылады. Олар басқа қатысушыларға шынайы бәсекелес бола алар еді. Сондықтан қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, конкурсқа қатысу барысында қандай мәселелерге кезігетіндерін ортаға салу үшін біз барлығын бір жерге жинадық. Кейін айтылған мәселелер талданып, шешімін табады», – дейді Жасұлан Смағұлов.
Бір жылдың ішінде барлығы 45-тей аңшылыққа арналған жер саудаланбақ. Прокурорлардың айтуынша, бүгінде мемлекет аңшылық пен балық аулау бизнесін дамытуға қызығушылық танытуда. Өйткені жерді бере отырып, кәсіпкерге бірқатар міндеттемелер жүктеледі. «Біз бұл жерлерді бекітуге мүдделіміз, өйткені жалға алушы оны күзетуге, аң аулайтын жерлерді немесе балық шаруашылығы бөгендерін жақсарту жұмыстарын жүргізуге, жануарлар миграциясын зерттеуге, оларды бақылауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда конкурсқа қойылған жер телімдерінде браконьерлік жайттар жиі ұшырасады, өйткені оны ешкім бақылап отырған жоқ. Ал пайдаланушыда қорықшы қызметінің, арнайы техниканың болуы міндетті, сондай-ақ бұл жайт бөгендерді жалға алушыларға да қатысты, онда дамытуға бағытталған өзіндік міндеттемелер тізімі бар», – деп атап өтті мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Жасұлан Смағұлов.
Конкурсқа қатысу кезінде қатысушылар шаруашылықты дамыту жоспарын ұсынуы тиіс. Кәсіпкерлер мұндай туризмнің жыл өткен сайын танымал болып кеде жатқанын атап өтуде. Сондықтан көбісі осы салада бизнес бастауды көздеп отыр. Жас кәсіпкерлер үшін мұндай шаралар – жақсы демеу, деп есептейді Солтүстік Қазақстан облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының өкілі Максим Ушаков. «Біз мұндай конкурстарға бірінші рет қатысып отырған жоқпыз, рәсіммен де таныспыз. Кезінде, біз бұл істі енді бастап жатқанда, бізге түсіндіріп беретін ешкім болған жоқ. Енді Палатаның арқасында осы бизнеспен айналысқысы келетін кәсіпкерлерге барлығы әлдеқайда жеңіл болады».
Айта кетерлігі, қажетті құжаттар тізімімен, сондай-ақ конкурсқа қойылған аң аулауға арналған жерлер мен балық шаруашылығы бөгендерінің тізімімен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ресми сайтынан және СҚО-ның ресми интернет-ресурсынан танысуға болады. Құжаттарды қабылдау конкурс басталуға бір күн қалғанда аяқталады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: