«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстік Қазақстан облысында іскер ханым мал шаруашылығын дамыту үстінде

2017 жылғы 06 Қыркүйек
- Солтүстік Қазақстан облысы
8540 просмотров

2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт ауданының тұрғыны Бәтия Мұқанова Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мемлекеттік көмекті пайдаланып, 1,5 млн теңгеге несие алған. Бұл қаражатқа 3 бие мен жем сатып алған Бәтия Мұқанова жеке кәсібіне ден қойды.

Арада үш жыл өткеннен кейін «Сұңғат» ЖК басшысы табысты жұмыс істей отырып, мал шаруашылығындағы жаңа бағытты қолға алуды жөн көрді. Бұл үшін Кәсіпкерлер палатасының Мәмлүт аудандық филиалына жүгініп, қажетті кеңес алды. Көрсетілген қолдау кәсіпкерге аз уақыттың ішінде несие алуға қажетті құжаттарды жинауға септігін тигізді.

«Кәсіпкерлер палатасының кеңес беруші мамандары жобаны толықтай сүйемелдеді, Алғаш рет пайдаланғанда қиын болған еді. Ол уақытта Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін орталық жұмыс істемейтін. Барлық құжатты өзім жинақтауға ұзақ уақыт кетті. Ал бұл ретте аса бір қиындық болмады, негізгі жұмысты Палата қызметкерлері атқарды», - дейді Бәтия Мұқанова.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының аясында 5 млн теңге несие алған кәсіпкер ірі қара малынан 15 сауын сиыр мен 1 бұқа алуды жоспарлап отыр. Кәсібін ұлғайту жаңадан 2 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. «Сұңғат» жеке кәсіпкерлігі алынған өнімді облыстағы қайта өңдеу кәсіпорнына өткізбек.

«Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ауыл шаруашылығын дамытуға көп мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары бар. Жеке кәсіппен айналысамын дегеннің арманын жүзеге асыруға көп көмегін тигізеді. Біз кеңес беруден бастап жобаның толық жүзеге асқанына дейін сүйемелдеуге тырысамыз», - дейді Кәсіпкерлер палатасы Мәмлүт аудандық филиалының директоры Нина Василенко.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер