Мектептегі ғылыми-техникалық шығармашылық – StartUp бастамасы
ҚР Білім және ғылым министрлігі Республикалық қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен қосымша білім беру ұйымдары басшыларының Республикалық Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы білім форумын ұйымдастырушылардың бірі болды.
Бұл іс-шара – өңірлік бизнес-қауымдастықтың Білім басқармасымен өзара ынтымақтастық туралы жасаған Меморандумы негізінде бірлесіп атқарған жұмысының кезекті нәтижесі.
Басқосуға білім және ғылым, әділет, инвестиция және даму министрліктерінің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері, балалардың ғылыми-техникалық шығармашылығы бағдарламасын жүзеге асыратын жалпы орта және қосымша білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтар, үкіметтік емес ұйым мен коммерциялық құрылымның өкілдері қатысты. Сонымен қатар Ресей Федерациясының шекараға жақын аймақтағы білім беретін мамандары да қатысуға ынта білдірді.
Бүгінде республикада ғылыми-техникалық шығармашылық бағдарламасы бойынша оқушылардың 3,6% білім алады. 3 088 үйірмеге 79 мың бала қатысады. Бұл көрсеткішті жақсарту міндеті тұр. Келешекте жас өнертапқыштардың жобалары жаңа технологиялар қатарына енуі мүмкін. Сондықтан заманауи білім берудің трансформациясы маңызды.
«Педагогтар новаторға айналмаса, инновациялық білім беру өз деңгейінде жүзеге аспайды. Педагогтардың оқу тәртібінің мазмұны мен көлемін өзгертуге бағытталған инновациялық дайындығы айтарлықтай нәтиже бермейді», - деді Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Владимир Литвиненко.
Жиын барысында елімізде балалар мен жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытудағы тұжырымдамалық әдістерді жүзеге асыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында техникалық шығармашылықтан республикалық байқауды ұйымдастыру және өткізу, білім беру мекемелерінде инновациялық технологияны енгізу, оқушылар үйі мен сарайының базасында технопарк құру секілді бірнеше маңызды мәселелер талқыланды.
Үйлестіру кеңесіне қатысушылар балаларға ғылыми-техникалық шығармашылықтан қосымша білім беру жүйесін дамытуға септігін тигізетін нақты ұсынысты әзірлейді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: