«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

 «Бастау» жобасы жайлы ақпарат берілді

2018 жылғы 09 Сәуір
- Солтүстік Қазақстан облысы
9391 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы Мағжан Жұмабаев және Қызылжар аудандарында семинар өткізді

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын, сонымен қатар «Бастау» жобасын жүзеге асыру мәселелерін түсіндіру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы аудандарға барып семинар өткізді. Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалының директоры Әсемгүл Қайырденова қатысты. Сонымен қатар палата өкілдері, «Бастау» жобасының бизнес-жаттықтырушылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық бөлім басшылары, жеке бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер, басқа да қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.

«Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасына сәйкес, атап айтқанда 4-бастамасы – шағын несиелеуді ұлғайтуға қатысты биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қосымша 20 млрд теңге бөлінгені баршаңызға аян. Осы қаржаттың 14 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, 6 млрд теңгесі қалалық аймаққа бөлінеді. «Атамекен» -бағдарламаның екінші бағыты бойынша қаржылай емес қолдау көрсету операторы, жеке кәсібін енді бастаған және бизнес бастауға ниетті жандарды оқытумен айналысады. Бұл «Бастау» деп аталатын жоба. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының 5 ауданы қамтылды, онда 937 азамат білім алды», - деп атап өтті Бауыржан Оразғалиев.

Сонымен қатар палатаның нақты жоспары бар екенін, соған сәйкес курстан өткендердің кемінде 20% өз бизнесін ашу керек немесе кеңейту керектігін атап өтті. Мысалы «Бастау» жобасына кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін және 3 жылға дейінгі мерзімде жеке бизнесін жүргізіп отырған азаматтар қатыса алады.

Мағжан Жұмабаев ауданы сол бес ауданның қатарында болды. «Бастау» жобасының былтырғы қорытындысы туралы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұржанат Шаримов баяндады.

«Былтыр ауданда 180 азамат білім алды. Оның 37-і жеке кәсібін ашты, былтыр оқыған 20-ға жуық азамат биыл қаржы алғылары келеді. Көп жоба кепілдік болмағандықтан  іске аспады, Ал кепілдендіру бойынша дайындаған жобаның 85% кепілдік күтпеді. Несие серіктестігіне берген процедура туралы айтып отырмын, ол өте ұзақ әрі күрделі процесс. Несие серіктестігінің құрамына кірудің өзіне жарты ай уақыт кетеді», - деді Нұржанат Шаримов.

Өз кезегінде бизнес-жаттықтырушы Болат Қожарахимов семинарға қатысушыларға «Бастау» жобасының жүзеге асыру тәжірибесі жайында ой бөлісті. Курстан күткен жоспар жүзе асқанын, 6 топ бойынша орташа баға 93,97 балл берілгенін айтты.

Курсқа қатысушылардың өздері атап өткендей, мысалдар мен тәжірибелік тапсырмалардың пайдасы зор. Курстың мазмұны мен материалдар жақсы құрастырылған, қабылдау оңай болған. Курстың қызметі өте тиімді. Курстың мазмұны үшін 6 топ бойынша орташа 3,98 баға берілген.

Мағжан Жұмабаев және Қызылжар аудандарының тұрғындары кездесуде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жеңілдетілген несие шарттарындағы соңғы өзгертулерге қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Мал шаруашылығын дамытуды несиелеу бағдарламасынан жеке кәсіпкерлерді алып тастауға қатысты уәждерін жеткізді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев атап өткендей, палата әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені шешуде жұмысты қолға алған. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстың филиалының директоры Әсемгүл Қайырденова қор аталған бағдарламаны қайта қарайды деп сендірді.

«Бастау» курсы 16 сәуірден облыстағы 13 ауданда басталады. Аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында жазылуға болады. Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы 1980 тұрғынды оқыту жоспарланған.


Ұқсас жаңалықтар:

Солтүстік Қазақстанда жас кәсіпкерлерге 86 грант бөлінді
20 Ақпан
2019
Солтүстік Қазақстан облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер