«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстік Қазақстанда фермерлерге жер бөлу мәселесі шешіледі

2021 жылғы 27 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
10621 просмотров

Облыста 2018-2020 жылдар аралығында шаруа немесе фермерлік қожалықты жүргізуге жер бөлу бойынша небәрі 46 байқау өткен. СҚО кәсіпкерлер палатасының мамандары егер қорда бос жер телімдері болса мұндай байқау жылына ең кемі үш рет ұйымдастырылуы қажет деп санайды.

СҚО кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде бұл талапты мемлекеттік органдар неліктен орындамай жатқаны талқыланды.

«Біз 2018-2020 жылдар, сондай-ақ осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы деректерді талдап, кейбір ауданда осы талаптар орындалмайтынын анықтадық. Атап айтқанда, Айыртау ауданында ауыл шаруашылық жерлерін беру бойынша бір ғана байқау өткен, Тимирязев және Мағжан Жұмабаев аудандарында үш байқау ұйымдастырылған. Демек, 3,5 жыл ішінде саусақпен санарлық нәтиже. Ал, ережеге сәйкес, байқаулар бос ауыл шаруашылығы жерлері болған жағдайда жылына кемінде үш рет өтуі тиіс. Біз жер қатынастары басқармасынан тиісті ақпарат сұраттық және барлық ауданда осындай жерлер бар екенін білдік», – дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Тимур Елеукин.

Өңірде байқау мүлде жүргізбеген аудандар да бар. 2018 жылы Айыртау, Есіл, Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарында фермерлерге жер бөлінбеген; 2019 жылы Қызылжар ауданында байқау өткізілмеген. Тура осындай жағдай 2020 жылы Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Шал ақын аудандарында қайталанған.

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыста бос және пайдалануға жарамды ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы: Тимирязев ауданында 33011 га, Айыртау ауданында 24866 га, Мағжан Жұмабаев ауданында 9753 га құрап отыр. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, СҚО бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жерлердің ауданы 413 694 гектарды құрайды.

ӨКП мамандары жер телімдерінің байқауға аз бөлінетінін айтты. Айыртау ауданында 3,5 жылда сауда-саттыққа барлығы 15 учаске, Ғабит Мүсірепов ауданында 18, Мағжан Жұмабаев ауданында 22, Тимирязев ауданында 33 учаске шығарылды.

«Ал Ақжар ауданында 145 учаске қойылған, оның 136-сы шаруашылық субъектілеріне берілген. Уәлиханов ауданында байқауға 173 учаске қойылды, оның 133-і  фермерлерге берілді.  Сондай-ақ, байқау нәтижелерінің күшін жою фактілерін де атап өткен жөн. Осылайша, 2020 жылы Айыртау, Тимирязев және Шал ақын аудандарында үш байқау, 2021 жылы Тайынша ауданында бір байқау тоқтатылды, демек бұл іс-шаралар сапасыз жүргізілетінін көрсетеді», – деді Тимур Елеукин.

 СҚО ӨКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова мемлекеттік органдардан мәселенің неліктен шешілмей келе жатқанын сұрады.

«Бизнеске ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін жер керек. Жер алудың байқау тәртібі бекітілген. Бұл бағытта, әкімдіктердің «ақсап» жатқаны көруге болады. Неге? Бұдан шығатын қорытынды: біз жер учаскелерін бермей, бизнестің жұмысын тежейміз немесе жер байқаудан тыс басқа жолмен кетеді. Не дейсіз бұл жөнінде» – деп сұрады Инесса Қуанова.

 Шенеуніктердің айтуынша байқаулардың аз ұйымдастырылуына бірнеше себеп бар. Ауыл шаруашылығы мақсатына бос жер жоқ немесе бизнес тарапынан жер алуға өтінім түспеген.

«Байқау жариялау үшін сұранысқа ие жер телімдерінің қоры болу керек деп санаймын. Бос жер болмаса, сәйкесінше байқау да өтпейді. Кейде өтінім түспейтін жағдай болады. Сондықтан байқаулар өтпеген. Бос жерлер бар, бірақ сауда-саттық жүргізілмеген аудандарға келетін болсақ, бұл жағдайды ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы түсіндіріп береді. Олар жер пайдаланушылардың есебін жүргізеді», – деп жауап берді СҚО жер инспекциясы басқармасының жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Айтбай Байдүйсенов.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы жер беруді есепке алу бөлімінің басшысы Марат Төлеев байқау аздығына қатысты пікірмен келіспеді. Оның айтуынша жағдайды соңғы 3,5 жыл аралығында емес, жер белсенді таратыла бастаған 2009 жылдан бастап қарау керегін атап өтті.

«2015-2021 жылдар аралығында аудандық әкімдіктер жалпы ауданы 1 млн гектар жерді құрайтын 117 байқау өткізді. Деректерді 2018 жылдан бастап алу дұрыс емес, өйткені жер шексіз емес, 10-нан 49 жылға дейін жалға берілетінін ескеру керек... Қазір облыстағы жер баланысына сәйкес, қорда 570 мың га бар, соның ішінде ауыл шаруашылығын жүргізуге жарамайтын жер – 181 мың га. Мен айтқан бос жерлерден учаскелер беру бойынша 2021 жылы 70 мың гектарға 19 байқау өткізілді, оның ішінде егістік – 19 мың га, жайылым – 53 мың га. Жұмыс жалғасып жатыр», – деп атап өтті Марат Төлеев.

 Спикер байқаулардың жиі өтпеу қалуының себебін айтты.

«Неге өтпей қалады? Өйткені кворум болмайды. Байқау өтіп жатқанда комиссиядан бөлек оған округ әкімдері мен қоғам белсенділері қатысуы керек. Айталық, сауда-саттыққа түрлі округтен 10 учаске қойылады, демек оған 10 әкім, 10 қоғам белсендісі, комиссия мүшелері қатысуы тиіс. Адами фактор мәселесі бар: біреу ауырып қалады, пандемия, біреу демалыста, соның нәтижесінде байқау іске аспай қалады. Бұл аудандардағы өзекті мәселе. Ал сауда-саттыққа келмей қалған қоғам белсендісі жауапқа тартылмайды, нормативтік-құқықтық база жоқ», – деді Марат Төлеев.

 Алайда, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелерінің пікірінше, егер бүкіл проблема байқау өткізуге кедергі болса, онда қоғам белсенділерін  тағайындау, оларға талап қою жағын пысықтау керек.

 «Бірнеше жер учаскесі бойынша бір байқау өткізуде мәселе туындаса, онда әр ауылдық округ бойынша неге жеке-жеке өткізбеске? Сонда кворум жинау проблемасы туындамайды. Бөлек өткізуге не кедергі», – деді  Инесса Қуанова.

Мемлекеттік органдар келтірген себеп-салдарға кеңес мүшелері сенбеді. Аудандық әкімдіктер жер бөлу процесін жолға қоймағаны туралы ортақ пікір қалыптасты. Байқаулар ашық жүргізілмейді. Байқау ашық жүргізілгенін растау үшін процесс таспаға түсіріледі, алайда жазба байқаудан тысқары уақытта сөйлесу үшін үзіледі немесе онлайн түсірілім жүргізілмейді.

 Қызу талқылау қорытындысы бойынша заңнама талаптарын тиісінше орындау және ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында кеңес мүшелері жауапты мемлекеттік органдарға бірнеше ұсыным берді. Аудан әкімдіктеріне байқауларды уақытылы өткізуді қамтамасыз ету, бос жер учаскелерін, сондай-ақ пайдаланусыз жатқан жерлерді анықтау (түгендеу) бойынша шара қолдану ұсынылды. Кеңес СҚО әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына сауда-саттықты өткізу тәртібін түсіндіру, оларды жоюға әкелетін бұзушылықтар мен қателіктерден мысал келтіре отырып, СҚО әкімдігінің жер инспекциясы басқармасымен бірлесіп, аудан әкімдіктері жер комиссияларының мүшелері, жер қатынастары бөлімдері және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының өкілдерімен жұмыс жүргізуді ұсынды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер