«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері жем-шөп қорын құруды ұсынды

2021 жылғы 27 Қыркүйек
- Солтүстік Қазақстан облысы
8396 просмотров

 Мұндай ұсыныс Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевпен онлайн-кездесуі барысында айтылды.

Осы аптада «Атамекен»  ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев облыстар, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының кәсіпкерлер палаталары өңірлік кеңестерінің мүшелерімен онлайн-кеңестер өткізді. Тимур Құлыбаев мұндай кездесулер легін екінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде палаталардың өңірлік кеңестері 280-нен астам проблемалық мәселені көтеріп, оларды шешу үшін 80-ге жуық заң мен кодекс, 141 қосалқы заң  актісі және 5 халықаралық актіге өзгерістер енгізуге бастама жасалды.

 «Бүгін біз өңірлердің мұң-мұқтажын тыңдау, кәсіпкерлердің қандай түйткілді мәселелері барын білу және үкіметпен талқылауға ұсыныстарымызды дайындау үшін жиналыс өткізіп жатырмыз», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

   Биыл бизнестің ағымдағы мәселелері жайында төралқа төрағасына алғашқы болып Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарының кәсіпкерлері хабарлады.

 Қазақстанның солтүстігіндегі құс фабрикаларының өкілдері дәнді және майлы дақылдар құнының күрт қымбаттауы мәселесін көтерді. Өткен жылмен салыстырғанда дақылдар бағасы жартысынан да көп мөлшерге өсті. Сала өкілдерінің алаңдаушылығы түсінікті – астық және басқа да жем-шөп түрі жұмыртқаның өзіндік құнының 70%-ын құрайды.

«Биыл дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ шығыс материалдары, импорттық амин қышқылдары мен премикстер құнының күрт қымбаттауы құс шаруашылығы саласының жұмысына кері әсер етті, бұл барлық санаттағы жұмыртқалардың өзіндік құнының қымбаттауына алып келді. Ағымдағы жылы субсидиялау көлемінің төмендеуі және 2022 жылы жұмыртқаны субсидиялаудың толық болмауы құс фабрикаларының қаржылық жағдайын қиындатып отыр», – деді «Есіл құс фабрикасы» ЖШС директоры Мұрат Бәкіров.

 Спикер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеу құс фабрикаларына өз өнімдерін қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Кәсіпкерлер бұл мәселені  арнайы жем-шөп қорын құрып шешуге болады деген ойда.

«Жұмыртқаның өзіндік бағасын төмендету үшін құс фабрикаларын жарты жылға жем-шөп көлемімен қамтамасыз ету үшін жем-шөп қорын құруды ұсынамын. Осы жобаны іске асыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы логистика шығындарының бір бөлігін өтеу немесе қарыз қаражаты, өтімді кепілдер жасау жолымен астық қолхаттары көмегімен өнім беруші, құс фабрикасы және Аграрлық несие корпорациясының жергілікті филиалдары арасындағы үшжақты шарттарды пайдалануға болады. Осындай жағдайда құс фабрикалары арзан бағада жем-шөп дақылын алады, оны айтарлықтай еркін режимде сатып ала алады, осылайша логистика арқылы қайтарымдарды төмендете алады», – деп қорытындылады Мұрат Бәкіров.

 

Бұл мәселе «Атамекен» және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп талқылау жүріп жатқаны кәсіпкерге хабарланды.

 «Расымен жем-шөп баға саясатын реттемелмей, қиын жағдай орын алған, ал құс фабрикасы шығаратын түпкі өнім – жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар өнім түріне жататындықтан, тиісінше, бұл өнімге бағаның өсуіне жол берілмеуі керек. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы проблеманы шешудің екі жолын ұсынамыз. Біріншісі – сіз жаңа айтқан «Азық-түлік корпорациясымен» бірлесіп жем-шөп қорын құру, екінші нұсқа – қор құрылған жағдайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобындағы тауарларды субсидиялау мәселесін қарастыру», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер