«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

СҚО-да бұрын сотталғандар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіп ашты

2021 жылғы 25 Қараша
- Солтүстік Қазақстан облысы
11941 просмотров

М.Жұмабаев ауданы Булаево қаласының тұрғындары Шухрат Ахмедов пен Мейрамбай Смағұлов жазасын өтеп болған соң бизнеспен айналыса бастады.

Солтүстік Қазақстан облысында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалымен бірлесіп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту үшін жазасын өтеп, бостандыққа шыққан азаматтар арасынан үміткерлерді іріктеу, кейін оларға кәсіп ашуда сүйемелдеу көрсетуді жүзеге асырады.

 «2020 жылы ауданымызда кәсіпкерлік негіздері курсын бұрын сотты болған үш азамат оқып шықты, биыл – тағы бір азамат қатысты. Олардың екеуі өздерінің бизнес-жобаларын іске асыруға грант алды, біреуі қаржыландыруға өтінім берді», – дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы М.Жұмабаев аудандық филиалының директоры Нұржанат Шаримов.

 Олардың бірі – Шухрат Ахмедов. Қазіргі кезде ол найбаухана ашып, аудан тұрғындарын жаңа піскен нанның хош иісімен қуантып жүр. Кәсіпкер күніне 80-100 тандыр нанды пісіреді. Тандыр нан ауыл тұрғындарының көңілінен шықты.

 «Мен колонияда нан пісіруді үйрендім, сондықтан босатылып, осы бағытта өз кәсібімді бастауға тырыстым. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 583 мың теңге грант алдым. Осы ақшаға нан мен қамыр илеу үшін пеш сатып алдым. Болашақта наубайхананы кеңейтуді жоспарлап отырмын», – дейді кәсіпкер.

Оның жерлесі Майрамбай Смағұлов өткен жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап, жұмыс іздеп жұмыспен қамту орталығына келді. Орталықта оған «Бастау Бизнес» жобасы туралы айтылды. Қазір ол фермерлікті қолға алып, бройлер тауығын өсіреді.

«Оқудан өтіп, грант ұтып алдым. Осы ақшаға құс тазартатын машина, мұздатқыш және 100 тауық сатып алдым. Қазір менде 300-ден астам кобб-500 тұқымды құс бар. Ол ауруларға төзімді және өмір сүрудің жоғары пайызына ие. Бройлерлерді 2,5-3 келіге дейін өсіреміз, содан кейін сатамыз. Қазірдің өзінде тұрақты клиенттеріміз бар», – дейді Майрамбек Смағұлов.

Кәсіпті енді қолға алған кәсіпкер болашаққа сеніммен қарайды. Келесі көктемде ол тағы бір инкубатор сатып алып, жұмыртқалайтын тауық тұқымын өсіруді жоспарлап отыр.

Палатаның аудандық филиалының мамандары атап өткендей, желтоқсан айында тағы бір бұрын сотталған азамат қой өсіруге қаржыландыру алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер