«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ресеймен шекарада туристік автобустардың жылдам өтуі қамтамасыз етіледі

2022 жылғы 05 Шілде
6033 просмотров

 Қазақстан мен Ресей Федерациясы шекарасында туристер мінген автобустардың бірінші кезекте өтуі «Жаңа жол» және «Қарақоға» өткізу пунктерінде  ұйымдастырылады.

Шекарадан жылдам өту үшін туроператорлар шекара қызметіне автобустар мен туристер саны және шекараға келу уақыты туралы ақпаратты алдын ала жіберетін болады.

 Ұйымдастырылған туристік топтарды жедел өткізу туралы уағдаластыққа екі елдің туроператорлары мен қауымдастықтар өкілдерінің «Жаңа жол» және «Қарақоға»  өткізу пунктерінде кездесуі барысында қол жеткізілді. Бұған дейін туристер мінген автобустар жалпы кезекте жүретін.

 «Отандық туроператорлардың көбі Ресейден келетін туристермен жұмыс істейді, жазғы балалар топтары келеді.  Бүгіннен бастап шекара қызметінің қолдауымен ұйымдастырылған туристер тобы автобуспен бар-жоғы 40 минутта бақылаудан өте алады. Бұл шара Қазақстандағы демалысты жайлы етеді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Туризм департаментінің сарапшысы Серік Қасенов.

Сонымен қатар кездесуде қоқыс шығару, дәретханалар мен жолдар сапасы, атап айтқанда шекараға жақындағандағы 20 шақырым жерді жөндеу мәселесі көтерілді.

 Бұған дейін тура осындай алгоритмді «Атамекен» бизнеспен бірлесіп, қазақ-қырғыз шекарасында іске қосты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер