«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанда климатқа бейімделген агротехнологияларды ілгерілету жобасы қорытындыланды

2023 жылғы 29 Наурыз
4794 просмотров

БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы тұрақты ауыл шаруашылығы бойынша жобаны аяқтады. Бұл жобаға Жапония Үкіметі 974 408 доллар салды. Климаттық оңтайландырылған агротехнологияларды енгізу жөніндегі бастама фермерлік шаруашылықтарды қолдауға, сондай-ақ құрғақшылықты болжау және алдын алу үшін «Қазгидромет» РМК жабдықтарын жаңартуға бағытталған. 

«Климаттың өзгеру жылдамдығын ескерсек, оның салдарына уақытылы бейімделу маңызды. БҰҰДБ су және азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық инфрақұрылымды экстремалды климаттық құбылыстар мен табиғи апаттардан қорғау, сондай-ақ табиғи капиталды қорғауға ерекше назар аударып, Қазақстан Республикасындағы ұлттық деңгейде айқындалатын салымдардағы климаттың өзгеруіне бейімделудегі ұлттық талпынысты қолдайтынын мақтан тұтады», – деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Жоба аясында Қазақстанда 10 шаруашылық іріктеліп, оларға жаңартылатын энергия көздерін (жел және күн) пайдалану жабдықтары орнатылды.

Жобаны ресми аяқтау барысында БҰҰ-дың даму бағдарламасы, «Атамекен» ҰКП және Жетісу облысы әкімдігінің өкілдері Сарқан ауданында дәрілік шөптерді өсіретін шаруашылыққа барды. Бұл шаруашылықта су үнемдейтін қондырғы орнатылған.

«Жыл өткен сайын климаттың өзгеруі қатты білініп жатыр. Құрғақшылықтың жиілегеніне қарамастан, біз су үнемдейтін қондырғыны орнатуға жағдайымыз келмеді. Енді жоба арқылы өндірісте егістіктерді қорғап, топырақтағы ылғалды 50 пайызға дейін сақтауға көмектесетін үнемді суару технологиясын қолданатын боламыз», – деді жоба қатысушысы, «Азия Голд» компаниясының директоры Алексей Коржиков.

Жасыл технологияларды енгізумен қатар жоба аясында оқу да қамтылды. Қазақстанның 17 өңірінен 400-ден аса фермер ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша тренингтерге қатысты. Пилоттық фермалардың өкілдері Германияға танысу сапарына барды. Қатысушылар түйіршіктелген қатты отын шығаратын зауыттарды (цилиндр тәрізді қатты отынның түйіршіктелген түрі, ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтары мен ағаш қалдықтарынан жасалады) аралады. Биогаз қондырғысын көріп, сүт фермасы мен ауылға барды. Германияның бұл нысандары бүгінде күннің «таза» энергиясымен толық жұмыс істейді. Қатысушылар өнімді әрі қарай өңдеу үшін «жасыл» технологиялар мен био шикізатты пайдаланатын шаруашылықтардың экономикалық тиімділігі мен тұрақтылығына көз жеткізді.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Ербол Есенеев ауыл шаруашылығында табиғат мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын айтты.

«Қазақстан аумағында түрлі салада жұмыс істейтін және шаруашылығында жаңартылатын энергия көздерін қолдана алатын 10 ферманы іріктедік. Атап айтқанда, күн панельдері, жаңбырлату қондырғылары, тамшылатып суару, күн энергиясы арқылы суды жылытуға мүмкіндік беретін гелиожүйелер орнатылды. Жобаның мақсаты – фермерлер жұмысына ең озық технологияларды енгізу. Ірі кәсіпкерлер мұндай технологияларды өздері де пайдалана алады. Біздің міндетіміз – шағын фермерлерге осы технологияларды практика жүзінде қалай енгізуге болатынын көрсету. Мал және өсімдік шаруашылығының түрлі бағытында технологияларды Қазақстанның оңтүстігінде қалай пайдалануға болады, солтүстігіне қандай қондырғы тиімдірек екенін түсіндіруге тырыстық», – деп атап өтті Ербол Есенеев.

Еске салайық, бұған дейін жоба аясында фермерлер ауыл шаруашылығында «жасыл» технологияларды енгізудің экономикалық пайдасын үйрену мақсатында Германияға барғанын жазған болатынбыз. Делегация құрамында жаңартылатын энергия көздерін (жел және күн) пайдалану жөніндегі шешімдерді пилоттық режимде енгізген фермерлік шаруашылықтар болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер