«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік фермерлер Қостанай ет өңдеу кешенімен ынтымақтастыққа дайын

2023 жылғы 15 Мамыр
- Ақтөбе облысы
5026 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің Қостанайдағы «Beef Export Group» зауытының өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесу барысында олар ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу шарттары туралы айтып, компанияның басымдықтары мен әлеуетті серіктестерді қаржыландырудың коммерциялық бағдарламаларын түсіндірді.

«Біз үшін фермерлердің бізбен ынтымақтастықтың болашағын түсінуі өте маңызды. Зауыт 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Сою және қайта өңдеу қуаты тәулігіне 1500 ірі қара мал басын құрайды. Малды қабылдау процестері өте ашық, жеткізудің барлық сәттері қарастырылған», — дейді «Beef export group» компаниясының сатып алу жөніндегі менеджері Жібек Әмірбек.

Ет комбинаты ірі-қара малды тірі күйінде және еттің нақты өнімі бойынша сатып алады.

Мысалы, тірі сиырларды сатып алу үшін семіздігіне байланысты 700-ден 1030 теңгеге дейін төлемі қарастырылған келісіне. 30-дан астам бас тапсыру кезінде әр бас үшін 2000 теңге мөлшерінде қосымша үстемеақы есептеледі. Сондай-ақ, фермерлерге ІҚМ 400-ден 450 кг-ға дейін тірі салмағы ет өңдеу комбинатына тапсырылған кезде субсидиялауға (200 тг/кг) жататынын еске салды.

Қода ауданы «Қосшы» шаруа қожалығының басшысы Айдос Хамидолланың айтуынша, ол ірі қара, жылқы және қой өсірумен айналысады. Негізгі өткізу арнасы Шымкент және Түркістан облысы, сондай-ақ жергілікті бордақылау алаңдары болып табылады. Ал алынған ақпарат Ақтөбе фермерлеріне жергілікті өнімді экспорттауға және жаңа өткізу нарықтарын игеруге мүмкіндік береді.

«Мал басын тасымалдау мәселесі фермерлер үшін әрқашан өзекті. Зауыт бұл шығындарды өтейді немесе өзінің көлігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тасымалдауға тиісті ветеринариялық анықтамаларды ресімдеу бойынша барлық сұрақтарды өзіне алады. Жалғыз мәселе, біз нарықтың қажеттілігін ескере отырып, сатып алу бағасын кем дегенде 100 теңгеге ұлғайту жағына қарай қайта қарауды, сондай — ақ өңірдің аумағынан шықпай-ақ малды тапсыру мүмкіндігін қарастыруды ұсындық», — деп атап өтті фермер.

Кездесу барысында Қостанай ет өңдеу кешенінің өкілдері Ақтөбе аграршыларының сұрақтарына барынша жауап беруге тырысты, сондай-ақ олардың ұсыныстарын ескерді.

«Мұндай кездесулер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өңіраралық ынтымақтастығын қалыптастырады және экспорттық әлеуетті нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін ашады», — деп түсіндірді «Атамекен» ӨКП АӨК бөлімінің сарапшысы Данабек Ержанов.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 9000-ға жуық шаруа қожалығы бар, олардың 8000-ы мал шаруашылығымен айналысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер