«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтауда өткен «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесінде 50 кәсіпкер тауарын ұсынды

2024 жылғы 19 Қыркүйек
- Маңғыстау облысы
1366 просмотров

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов пен кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұрадалиев көрме қатысушыларының өнімімен танысты. 

Сондай-ақ, маңғыстаулық тауар өндірушілердің әлеуетімен танысу үшін республикалық «Бір ауыл-бір өнім» жобасының басшысы Гүлнара Сейітжаппарова көрмеге арнайы келді. 
Әр ауданнан жиналған 50 кәсіпкер сүт пен ет, бау-бақша өнімдері, қолөнер және зергерлік бұйымдарын ұсынды. Олардың құжаттарын сарапшы «Жұмыс тобы» бағалап, оның ішінен әлеуетті 10 қатысушыны  іріктейді. Содан соң «Маңғыстау өнімі» бренд-комитетінің сарапшылары «Бір ауыл - бір өнім» жобасының жеңімпаздарын балдық жүйе бойынша анықтайды. 

Бренд-комитет сарапшыларының шешімімен анықталған жеңімпаздарының бұдан әрі мемлекеттік грантқа қатысуға құқығы басым болмақ. 

Маңғыстау облысы әкімінің міндетін атқарушы Звира Түгелқызы «Бір ауыл-бір өнім» өңірлік көрмесін салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жиын барысында Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев 2023 жылы  өткен «Бір ауыл - бір өнім» жобасының 3 жеңімпазын құттықтап, сертификаттарын табыстады. Одан бөлек, өңірлік көрмеге қатысқан әр кәсіпкерге облыстық палата басшысының атынан алғыс хат берілді.

Ауылдық аймақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруда «Бір ауыл-бір өнім» жобасының үлесі өте зор.


Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы 1961 жылы Жапонияда бастау алған. Жапондықтардың бұл жобасы бүгінде Қырғызстан мен Қазақстан, Армения, Өзбекстан және Тәжікстанда іске асып жатыр.
Қазақстан бұл идеяны жүзеге асыруды 2022 жылы бастады. Жобаны  Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді. 


Ол  үшін алғашында ел ішінен төрт өңір таңдап алынып, Маңғыстаудан  Қарақия ауданының Құрық ауылы енген еді.  Елді мекенде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер бір ауылдың атымен бренд қалыптастырды. Ортақ мақсатқа біріккен олар  кәдеге аспай жатқан жүнді өңдеп, түрлі бұйым жасап, бұл істі табыс көзіне айналдырды. Олардың қолынан шыққан тауарлар ел ішіне және шетелдерге экспортқа шығарылып жатыр.
Құрық ауылында жемісін берген жобаның табысы  былтыр бір жылда 8 миллион теңгеден асса, биыл жарты жылдың ішінде 10 миллион теңгеден асып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер