«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тұрақты қаржылық нарығын дамыту үшін ынталандыру керек – Якупбаева

2025 жылғы 26 Ақпан
1033 просмотров

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасы жанындағы Тұрақты даму және ESG жөніндегі Кеңестің сегізінші отырысы өтті. Онда негізгі бизнес өкілдері мен реттеушілер тұрақты қаржы нарығын дамытудағы кедергілер мен ынталандыруларды, сондай-ақ, несиелік ұйымдардың қаржылық портфельдеріндегі «жасыл» және әлеуметтік жобалардың серпінін талқылады.

Тұрақты даму және ESG Кеңесінің төрағасы Юлия Якупбаева тұрақты қаржыны тиімді дамыту үшін бизнесті нақты ынталандыру қажет екенін атап өтті.

«Бүгінде компаниялар ESG стандарттарын енгізуге дайын, бірақ нақты қолдау шараларынсыз – салықтық жеңілдіктер, субсидиялар және компаниялардың ESG есептерін дайындауын ынталандыру – бұл процесс баяу болады. Біз тұрақты инвестицияларды реттеуші норма ғана емес, бизнес үшін нақты экономикалық артықшылыққа айналуы үшін жағдай жасауымыз керек», - деді спикер.

Юлия Якупбаева экономиканың ресурс сыйымдылығын төмендету және отандық өндірушілерді қолдау шараларын күшейту шеңберінде ESG өлшемдері мен салалық ерекшеліктерін пайдаланудың маңыздылығын, сондай-ақ экономиканың әртүрлі секторларының ESG көшбасшыларын ынталандыру қажеттілігін жеткізді.

«ESG инвестициялары үшін қолайлы жағдай жасау біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі мәселесінен гөрі экологиялық мәселе болып табылады. Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, тұрақты жобаларға салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды енгізу, сондай-ақ, ESG жобаларын дайындау және сертификаттау үшін инфрақұрылымды дамыту қажет», - деп мәлімдеді «SkyBridge Invest» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Шолпан Айнабаева.

Айнабаеваны ЕY өкілдері Алексей Антонов пен Камила Салихбаева қолдады. Олар инвесторларды тарту үшін тұрақты қаржы нарығын кеңейтудің және қор нарығының инфрақұрылымын жақсартудың маңыздылығын атап өтті. ESG мәселелері бойынша оқыту бағдарламалары арқылы нарық қатысушыларының хабардарлығын арттыру және ESG есептерін дайындауды ынталандыру қажеттігін жеткізді.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарушы директоры Дина Жанаділ қаржы институттары ESG бастамаларын қолдауға дайын екенін, бірақ олардың ауқымын кеңейту үшін қосымша қаржыландыру қажет екенін атап өтті.

«Біз бизнестің жасыл облигациялар мен тұрақты облигацияларға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз, бірақ жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Жасыл климаттық қор сияқты халықаралық қорлардан қаражат тарту Қазақстандағы тұрақты жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді», - деді Дина Жанәділ.

Жоғарыда аталған шаралар, сарапшылардың пікірінше, негізгі салаларға – өнеркәсіпке, энергетикаға, құрылысқа капитал тартуға мүмкіндік береді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Мария Хаджиева тұрақты қаржыландыруды қолдауға бағытталған реттеуші бастамалар туралы айтты.

«2025 жылдан бастап банктер үшін ESG ақпаратын міндетті түрде ашу енгізіледі. Бұл ашықтық пен тұрақты қаржыға деген сенімді арттырады. Сонымен қатар, біз климаттық тәуекелдерге стресс-тестілеу жүйесін құру және несие портфельдерінің көміртегі ізін бағалау әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Хаджиева.

Кездесу барысында тұрақты даму мониторингінің бірыңғай орталығын құру, әлеуметтік таксономияны қабылдауды жеделдету және компаниялардың ESG есептерін дайындау тәжірибесін ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл шаралар тұрақты қаржыландыруды ынталандыруға және ESG қағидаттарын қазақстандық компаниялардың бизнес тәжірибесіне енгізуге бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша бизнес, мемлекеттік органдар және сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) ерікті ұлттық шолуының жобасын қосымша талқылауды өткізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, уәкілетті органға «жасыл» несиелер мен жобалар бойынша есеп пен статистиканы жүргізуге жауапты мемлекеттік органды тағайындау туралы сұрау салу жіберілді. Жақын арада қаржылық ұйымдармен, сарапшылар қауымдастығымен және Халықаралық жасыл технологиялар орталығымен ESG тәуекелдерін басқарудың стандартты саясатын талқылау өтеді.

Тұрақты даму жөніндегі Кеңес пен ESG тұрақты қаржы құралдарын әзірлеу, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені енгізу бойынша жұмысын жалғастырады


Еншілес ұйымдар

Серіктестер