«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы студенттері теміржол қызметін басқаруды үйренеді

2025 жылғы 26 Ақпан
- Алматы қаласы
377 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Алматы теміржол көлігі колледжінің студенттері теміржол тасымалының күрделі желісін іс жүзінде басқаруды үйренеді. Оқу орны Алматы қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының дуальды оқытудың Жол картасына енгізілді. Оның шеңберінде кәсіптік оқу орындарының түлектеріне тәжірибе ұйымдастыруда және жұмысқа орналастыруда қаланың 700 кәсіпорны тартылды.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Атамекен» өңірлік палатасы білім басқармасымен бірлесіп түрлі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Олардың қатарында оқушыларды кәсіптік бағдарлауға, кәсіптік оқу орындары студенттерінің өнімді практикасын ұйымдастыруға, түлектерді қала кәсіпорындарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бар.

Алматы-1 және Алматы-2 теміржол бекеттері қаланың ірі кәсіпорындар қатарында бар. Бекеттер Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі негізгі көлік торабы бола отырып, теміржол колледждерінің студенттерін практикалық даярлау үшін маңызды орын болып табылады. «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «Алматы бөлімшесі» Алматы-2 бекеті колледждермен және өңірлік палатамен тығыз байланыста. Мұнда студенттер теміржол қызметін басқару негіздерін меңгереді.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Алматы-2 станциясында өндірістік практикадан өтіп жатқан студенттер мен бірінші-екінші курс студенттерінің кездесуі өтті. Тәжірибелі тәлімгерлер теміржол көлігі колледжінің оқушыларына болашақ мамандықтары туралы көптеген қызықты нәрселерді айтып берді. Олардың қатарында 1 санатты инженер-технолог Лейла Әділова бар. Ол өз мамандығы бойынша 27 жыл жұмыс істеп келеді.

«Темір жол - қауіпі жоғары аймақ болғандықтан, келген практика өтушілерге бірден өз ісіне жауапты қарауға баулимыз. Мұнда олар құрамдардың қатаң түрде қадағаланатын уақытта, өз бағытында қозғалуын қамтамасыз ететін  құжаттарды толтыруды үйренеді. Балалар жақсы қызығушылық танытуда. Колледжде теорияны оқып, олар қазірдің өзінде болашақ қызметтеріне 50 пайызға дайын десем қате емес. Сондықтан, олар өндіріс процесіне тез енеді. Ал кіші курс студенттері үшін бұл жұмыс процесін түсінуде және одан әрі кәсіп таңдауда жақсы бағдар», - дейді Лейла Әділова.

«Біз көптеген жылдар бойы қаламыздың теміржол бекеттерімен және басқа да көлік-логистикалық компаниялармен дуальды оқыту аясында жұмыс істеп келеміз. «Атамекен» палатасы дуалды жүйеге жаңа кәсіпорындарды, оның ішінде халықаралық ауқымдағы кәсіпорындарды тартуға жәрдемдеседі. Бұл біздің студенттерге оқу және өндірістік тәжірибеден өтіп қана қоймай, нақты компанияларда мамандықтарды меңгеруге, сонымен қатар оларды одан әрі жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Қазір көліктік-логистикалық кәсіпорындардың барлығы дерлік жеке меншікте, сондықтан колледж – «Атамекен» палатасы - қала кәсіпорындары  болып орнатылған үшжақты ынтымақтастық жақсы нәтиже беруде», - деп Алматы теміржол көлігі колледжі директорының орынбасары Әсия Махамбетиярова ойын түйіндеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер