Премьер-Министр Павлодар облысы бизнес-қоғамдастығының бастамаларын бақылауға алды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Павлодар облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесіп, металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және әлеуметтік кәсіпкерлік сияқты өңірді дамытудың негізгі мәселелерін талқылады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекет пен бизнес арасында елеулі рөлге ие. Кәсіпкерлер мен Ұлттық палатаның шешімдерді әзірлеу мен проблемаларды талқылаудағы келісімділігі кәсіпкерлік қауымдастықтың шоғырландырылған ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, Үкімет оған бағдарланады.
«Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов өз сөзінде өңірлік кәсіпкерлер кеңестері Палатаның бір бөлігі ғана емес, оның негізі және бизнеспен кері байланыстың басты арнасы екенін атап өтті. Өңірлік кеңес арқылы негізгі мәселелер көтеріліп, жүйелік проблемалар анықталады және «bottom up» қағидаты бойынша ұлттық деңгейге ие болатын бастамалар қалыптастырылады.
Сонымен қатар, бүгінде сараптамалық пікірлерге ғана емес, объективті деректерге де сүйене отырып, шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті. Ұлттық палата бұл мәселеде бизнестің цифрлық картасына орасан зор екпін беруде. ШОБ цифрлық экожүйесінің модулі кәсіпкерлік ортадағы жағдайды жинақтап, талдайды. Бұл ретте жетістік қана емес, фактілер негізінде мемлекетпен диалог жүргізуге мүмкіндік беретін компаниялар тап болатын кедергілер де ескеріледі. Бұл тәсіл бизнесті қолдауды тиімді әрі инвесторлар үшін тартымды етеді.
Райымбек Баталов Өңірлік кеңес мүшелеріне белсенді жұмысы үшін алғысын білдіріп, олардың ұсыныстары мен бастамалары іскерлік ахуалды жақсартуға тікелей әсер ететінін жеткізді. Бұдан өзге, көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты.
Министрлер кабинетінің басшысына «Галицкое» ШҚ директоры Александр Касицин АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін субсидиялаудан кластерлік тәсілмен жеңілдікті кредиттеуге көшуді ұсынды. Бұл қаржыландыруға қол жеткізуді, технологияларды енгізуді және тиімді өндіріс тізбектерін құруды қамтамасыз етеді.
Тағы бір мәселе, экономикаға қосып жатқан елеулі үлеске ие ШОБ қатысты болды.
«Едіге Шон» ЖШС Бас директоры Тоғжан Мұзапаровтың айтуынша, ШОБ кәсіпкерлері «Даму» қорының субсидия төлемдерін кешіктіру мәселесіне тоқталды. Бизнес бұдан қосымша қаржылық жүктемеге тап болады. Спикер қаржыландыруды кешіктірген жағдайда кәсіпкерлер жеңілдікті мөлшерлемеден жоғары пайыз төлемеуі үшін субсидияларды тікелей банктерге жіберуді ұсынды. Осылайша, бизнестің қаржылық тұрақтылығы нығайып, оның дамуын жеделдетеді.
Павлодар облысының Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Махаббат Анаева өңірде 28 мыңға жуық кәсіпкер әйел жұмыс істейтінін атап өтті. Ол «әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» жобасын қаржыландыруды қайта бастауды не оны жергілікті деңгейде қолдауды ұсынды. Бағдарлама 3 мың әйелге бизнес ашуға және жұмыс орындарын құруға көмектескенін тілге тиек етті.
«Fonet Er-Tai AK Mining» ЖШС Бас директорының міндетін атқарушы Азамат Әлжапаров компания Екібастұз ауданында құны 9,4 млрд теңге болатын катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыт құрылысының жобасын іске асырып жатқанын хабарлады. Іске қосу 2026 жылға жоспарланған, бірақ процесс экологиялық келісімдерді күтуге байланысты кешіктірілген. Ол үкіметтен өндірісті уақтылы бастау үшін процедураны жеделдетуді сұрады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер сәтті жүзеге асқан жобалармен де бөлісті. «ЭкоДом-Павлодар» ЖШС директоры Марина Рейдина компаниясының шағын ғана бизнестен үлкен өндіріс орнына қалай айналғанын айтып берді. Бүгінде кәсіпорын күніне 3 тоннаға дейін сүт өңдеп, ұлттық тәттілердің 150-ден астам түрін шығарады.
Мұндай қарқынды өсу жеңілдетілген несиелеу, субсидиялар, акселерациялық бағдарламалар мен көрмелерге қатысу арқылы мүмкін болды. Ұлттық палата іске асыратын «Бір ауыл — бір өнім» жобасы ерекше рөл атқарды. «Байқаудың финалисі» деген атау оған өсуге деген жаңа серпін бергенін жеткізді.
2025 жылы БАБӨ өнімдері халықаралық нарыққа шығып, Жапониядағы «Food Expo» көрмесіне қойылды.
Бұл кездесу кәсіпкерлерге негізгі мәселелерді жеткізуге, ал билікке – жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.
Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Ұлттық палата Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов тікелей диалогтың маңыздылығын және Үкіметтің кәсіпкерлердің сұраныстарына жедел ден қоюға дайындығын атап өтті. Бірқатар ұсыныстар бақылауға алынып, әкімдіктер мен министрліктердің тарапынан дер кезінде шешім қабылданатынына сенім білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: