«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өңірлік машина жасау саласы дамуда: Қарағандыда отандық өндірушілерді қолдау және локализация мәселелері талқыланды

2025 жылғы 24 Маусым
- Қарағанды облысы
455 просмотров

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Машина жасау кеңесінің кеңейтілген көшпелі отырысы ТОО «Maker (Мэйкер) КЛМЗ» алаңында өтті. Жиынға облыс әкімдігі, Кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан машина жасаушылар одағы, жүйе құраушы компаниялар, ұлттық даму институттары және салалық өндірістік кәсіпорындар өкілдері қатысты.

Кеңестің төрағасы Жанибек Байгабелов отырысты ашып, қатысушыларға сәтті жұмыс тіледі. Құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов локализация мен өндірістік кооперацияның маңыздылығын атап өтті.

«Машина жасау саласын қолдау — біздің индустриялық саясаттың басты басымдықтарының бірі. Өңірлерде өндірістік базаны нығайту мақсатында инфрақұрылым қалыптастыру, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді Ермек Алпысов.

2024 жылғы Кеңес жұмысының қорытындысын Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов баяндады. Оның айтуынша, Кеңес өңірлік өнеркәсіптік күн тәртібін қалыптастыру және өзекті мәселелерді шешу алаңына айналды.

«Былтыр 4 отырыс өткізіліп, 13 маңызды тақырып қаралды. Бизнестің, министрліктер мен жүйе құраушы компаниялардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өндірушілерге арналған қолдау тетіктері іске қосылды», — деп атап өтті Ернар Дәулұлы.

Маңызды талқылау блоктарының бірі — ірі кәсіпорындардың сатып алу стратегиясы болды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 2025 жылдың I тоқсанында сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі 75,2%-ға жеткенін хабарлады.

«Жергілікті өндірушілерді қолдау — біздің басты бағытымыздың бірі. Құны 8,6 млрд теңге болатын оффтейк-келісімшарттар және 100 млрд теңгеден астам сомада ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Жұмыс меморандумдар, аванстық төлемдер мен төлем мерзімдерін қысқарту арқылы жүйелі түрде жүргізіледі», — деді жабдықтау жөніндегі басқарушы директор Марина Красюк.

«Qarmet» АҚ Qpartners.kz цифрлық платформасын және «Қазақша өнімдер тізілімі» порталы арқылы жаңартылған сатып алу саясатын таныстырды.

«Біздің мақсатымыз — білікті отандық жеткізушілермен жұмыс істеу. Қазіргі уақытта 233 келісімшартқа қол қойылды, оның ішінде ШОБ-пен оффтейк келісімдер бар. Ашық іріктеу енгізілді және өңірлермен байланыс артып келеді», — деді қазақстандық қамту бөлімінің басшысы Жандос Сарманов.

«Qazindustry» АҚ өкілі Жансая Жақыпова ШОБ-ты қолдау тетіктері мен өндірушілердің Бірыңғай тізілімін дамыту жайлы баяндады. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге шығындарды өтеу, экспорттық қолдау бағдарламаларына қатысу және ұлттық платформалар арқылы өнімді ілгерілету құралдары қолжетімді.

Қазақстан машина жасаушылар одағының өкілдері Талғат Базарбеков пен Махамбет Мендғалиев XII Машина жасаушылар форумының қорытындылары мен одақ бастамасымен ұсынылған заңнамалық өзгерістер туралы айтты. Олардың ішінде оффтейк тетіктерін кеңейту және машина жасау саласын мемлекеттік индустриялық саясаттың басым бағытына енгізу мәселелері бар.

Кездесу соңында қатысушылар ТОО «Maker КЛМЗ» өндірістік цехтарын аралап, ірі кәсіпорындар мен өңірлік жеткізушілер арасындағы кооперацияны нығайту бойынша нақты қадамдарды талқылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер