«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Адал кәсіпкердің жерін қорғау – әділеттілік талабы

2025 жылғы 03 Шілде
- Түркістан облысы
179 просмотров

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты даулар қалай шешіліп жатыр?

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі бүгінде ел көлемінде өзекті тақырыпқа айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында: «Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Егер ол заңсыз берілсе, мемлекетке қайтару керек. Бірақ адал еңбек етіп отырған кәсіпкерге кедергі жасалмауы тиіс» – деп атап өтті.

Алайда, Түркістан облысында бұл қағиданың толық сақталып отырғаны жөнінде мәселе бар. Кәсіпкерлер Палатасына жүгінген бірқатар шаруалар, өздерінің жер телімдері мақсатты түрде пайдаланылып жатқанымен, арнайы комиссияның қарауынсыз-ақ сотқа беріліп, заңсыз шешімдер қабылданып жатқанын айтып отыр. Бұл – заңның формалды орындалуы, бірақ мазмұны бойынша әділетке қайшы жағдай.

2025 жылдың 30 қаңтары мен 16 маусымы аралығында облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан соттарға 133 талап арыз жолданған. Оның ішінде 87-сі бойынша сот шешімі шығып қойған. Нақты пайдаланылып отырған жерлерге қатысты мұндай әрекеттер кәсіпкерлердің бизнесін тұралатып, жұмыс орындарының қысқаруына, банкроттыққа алып келуі мүмкін.

Түркістан облысында осы мәселені шешу үшін облыс әкімінің өкімімен құрылған «Арнайы комиссия» өз жұмысын 2025 жылдың басында бастады. Оның мақсаты – даулы жер телімдерін сараптап, жердің нақты мақсатты пайдаланылып отырғанын анықтап, адал кәсіпкерлерді қорғау.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Каримбаев былай дейді:

«Комиссияның негізгі міндеті – жердің мақсатты пайдаланылғанын анықтау арқылы кәсіпкерді сот дауынан қорғау. Біз заңсыз берілгенімен, нақты игеріліп отырған жерлерге қатысты сот талаптарын тоқтату керек деп санаймыз. Бұл – Президенттің тапсырмасына сай әрекет. Бизнестің тынысын тарылтпай, керісінше, қолдауымыз керек».

Комиссияның алғашқы отырысы 2025 жылғы 26 маусымда өтіп, 21 шаруа қожалығының ісі қаралды. Оның ішінде:

         •        13 кәсіпкер – адал пайдаланушылар тізіміне енгізілді;

         •        3 кәсіпкер – мақсатсыз пайдалану тізіміне енді;

         •        5 кәсіпкерге қатысты – қосымша зерделеу жүргізу туралы шешім қабылданды.

ҚР «Атамекен» ҰКП қазіргі таңда сот шешімімен жерінен айырылған, бірақ оны нақты мақсатта пайдаланып келген кәсіпкерлерге конкурс арқылы қайта жер алу кезінде артық балл беру тетігін енгізуді ұсынып отыр. Бұл – бизнесті қолдаудың, әділеттілікті қамтамасыз етудің жаңа жолы болмақ.

«Кәсіпкер өз қаражатын салып, жұмыс орнын ашып, ауылдың экономикасын дамытып отырса, оған кедергі келтіру – бүкіл өңірге кесірін тигізеді. Біз осындай кәсіпкерлерді қорғауымыз керек», – дейді Нұрсұлтан Каримбаев.

Бизнесті қолдау – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі. Адал еңбек етіп отырған кәсіпкерлердің құқығы қорғалмаса, ауылдағы өндіріс пен жұмыс орындары тоқтайды. Сондықтан да, «Арнайы комиссияның» жұмысы – жергілікті билік, сот және бизнес арасындағы әділетті тепе-теңдікті қалыптастырудың маңызды құралы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер