«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мектептегі тамақтанудың жаңа стандарттары: Қарағанды облысы балаларды сапалы түскі аспен қалай қамтамасыз етпек

2025 жылғы 08 Шілде
- Қарағанды облысы
350 просмотров

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында Адами капиталды дамыту жөніндегі кеңес пен Шағын және орта бизнес және сауда жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе – 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін жаңа санитариялық нормаларға сәйкес оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету.

Кездесу басында ШОБ кеңесінің төрағасы Владимир Быков мектептегі тамақтану мәселесі жаңа стандарттардың бекітілуі мен мәзір құнының күрт өсуі аясында ерекше өзекті болып отырғанын атап өтті.

– Бүгінде талаптарды кім, қандай жағдайда және қандай қаражатқа орындайтынын ашық талқылау маңызды. Біз балалардың денсаулығына да, кәсіпкерліктің тұрақтылығына да қауіп төндіруге құқымыз жоқ, – деді Владимир Анатольевич.

Жаңа ережелерге сәйкес, оқушының мәзірінде табиғи өнімдер: сүт сусындары, сүзбе, айран, құс еті, сиыр еті, субөнімдер, бауыр, жұмыртқа, кебекті нан, йогурттар, көкөністер, жемістер, көк шөп қамтылуы тиіс. Мұның барлығы – әсіресе әлеуметтік осал топтардағы балалар үшін сапалы және теңгерімді тамақтануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Алайда, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаевтың айтуынша, өңірлердегі мұндай мәзірдің нақты құны 870–950 теңге аралығында, ал бюджетте қарастырылған сома – 584 теңге деңгейінде қалып отыр.

– Талаптар мен қаржыландыру арасындағы мұндай алшақтық орындауға кедергі келтіруі мүмкін. Бизнес шығынға батып жұмыс істей алмайды, ал жаңа нормалар бойынша жеткізу – бюджеттік қолдаусыз мүмкін емес, – деп атап өтті Азамат Қайырбекұлы.

Мектептік тамақтану қауымдастығының өкілдері де бұл стандарттарды идея ретінде қолдағанымен, қазіргі жағдайда кәсіпкерлердің оларды орындай алмайтынын растады.

– Бұл жай ғана мәзір емес – бұл санитарлық ереже. Олар міндетті түрде орындалуы тиіс. Алайда оларды жүзеге асыру да тиісті қаржыландырумен қамтамасыз етілуі қажет, – деді қауымдастық төрайымы Марина Лаптева.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер екі қиын таңдау алдында тұр: не шығынға жұмыс істеу, не өнім сапасын төмендету. Бұл – екі жақтан да жол беруге болмайтын жағдай. Жаңа рецептуралар бейімделген түрде де бұрынғы бюджетке сыймайды.

– Біз ең қолжетімді мәзірді жасап шықтық – ол да кемінде 870 теңгеге шығады. Балаларды арзанға тамақтандыру – бұл нормативтер мен сапаны бұзу деген сөз, – деді Лаптева.

 

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Денсаулық сақтау министрлігі мен Тамақтану академиясы бекіткен жаңа стандарттардан шегінуге болмайтынын растады. Дегенмен, ол да өңірлерде өтпелі кезеңнің қиындық тудырып отырғанын мойындады.

– Стандарттар міндетті, бірақ оларды іске асыру өңірлердің мүмкіндіктерін ескеруі тиіс. Бұл мәселе акиматтар, бизнес және ата-аналар қауымдастығы арасындағы диалогсыз шешілмейді, – деді департамент өкілі.

Уақытша бұрынғы мәзірге қайта оралу ұсынысы талқылауға негіз болды. Кәсіпкерлер бұл шешім тек акиматтың ресми шешімімен ғана мүмкін екенін, ал ауызша келісімге сүйену – стандарттан ауытқу жауапкершілігін жеткізушілерге артатынын мәлімдеді.

Кеңес қорытындысы бойынша, Денсаулық сақтау басқармасының жанынан санитарлық қызмет, білім басқармасы, жеткізушілер, Палата және қоғам өкілдері кіретін ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Мақсат – өңірдің мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа стандарттарға сай мектеп тамақтануының теңгерімді моделін әзірлеу. Сондай-ақ, жақын арада қаржылық есептеулер жүргізіліп, облыс әкіміне жолданатын ресми хат дайындалып, мәслихат депутаттарымен кездесу бастамасы көтеріледі.

– Біз формальды талаптарды ғана емес, балаларымыздың денсаулығы үшін сапалы тамақтануды қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл ретте бизнеске салмақ түсірмей, сападан да бас тартпай, – деп түйіндеді ШОБ кеңесінің төрағасы Владимир Быков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер