Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасына — Шалқар шаруаларынан алғыс
Шалқар ауданының кәсіпкерлері Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасына шынайы алғыстарын білдірді. Бұған себеп — бірнеше жыл бойы шешімін таппай келген өзекті мәселенің оң шешім табуы.
2019 жылдан бастап «Шалқар жайлауы» несиелік серіктестігі» ЖШС мен «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ Ақтөбе филиалы арасындағы қарыздық қатынастар салдарынан 16 шаруа қожалығы кепілге қойған мүліктерін қайтара алмай, қиын жағдайға тап болған еді. Алайда, бұл түйткілді мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген.
Осы кезеңде кәсіпкерлерге нақты көмек қолын созған — «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шалқар аудандық филиалы. Филиал директоры Анапин Бақытжан Сейітжанұлының белсенді араласуы, құқықтық кеңестері мен іскерлік қолдауы арқасында 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында «Шалқар жайлауы» ЖШС-нің қарыздары толық өтеліп, құрылтайшылар кепілге қойған мүліктерін қайтарып алды. Сонымен қатар, серіктестік «Аграрлық несиелік корпорация» алдындағы барлық қаржылық міндеттемелерінен құтылуына толық жағдай жасалды.
«Шалқар жайлауы» несиелік серіктестігінің құрылтайшылары атынан Марат Игісінов Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловқа және Шалқар аудандық филиалының басшысы Бақытжан Анапинге шынайы алғысын жеткізді.
Бұл — кәсіпкерлер палатасының өңірдегі бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғаудағы нақты нәтижелі жұмысының бір көрінісі. Шаруалар тарапынан білдірілген алғыс — атқарылған істердің әділ бағасы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: