«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ШЫҰ Іскерлік кеңесі алаңында бизнестің басымдықтары туралы мәлімдеді

2025 жылғы 17 Шілде
1045 просмотров

Бүгін Бейжің қаласында Қытай Халықаралық сауданы дамыту комитетінің (CCPIT) және Қытайдың халықаралық сауда палатасының (CCOIC) қатысуымен «Шанхай рухын ілгерілету: Іскер топтардың әрекеті» тақырыбында ШЫҰ Бизнес-форумы өтті.

Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, бақылаушы елдердің және диалог бойынша әріптестердің өкілдері қатысты. Қатысушыларды Қытай Халықтық саяси кеңес консультативтік кеңесінің төраға орынбасары Гао Юньлун, ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, РФ энергетика министрі Сергей Цивилев, ШЫҰ Іскерлік кеңесінің Ресей Федерациясындағы ұлттық бөлімшесінің және Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Сергей Катырин, Қырғыз Республикасындағы ұлттық бөлімшенің және Қырғыз Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Темир Сариев, Қытай халықаралық траст және инвестициялық компаниясының (CITIC) басқарма төрағасы Си Гуохуа, Қытай Өнеркәсіптік-коммерциялық банкінің (ICBC) президенті Лю Цзюнь сынды тұлғалар құттықтау сөз сөйлеп ашты. Пленарлық отырыстың модераторы ретінде ҚХР-дың ШЫҰ Іскерлік кеңесі ұлттық бөлімшесінің және Қытай Халықаралық сауданы дамыту комитетінің (CCPIT) төрағасы Жэнь Хунбин сөз сөйледі.

Форум энергетиканың «жасыл» трансформациясы, орнықты жеткізу тізбектері және Еуразия кеңістігіндегі өзара байланысты тереңдету салаларындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылайтын маңызды алаңға айналды.

Форумға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасынан Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты. Ол форум аясындағы жұмыс сессияларында ШЫҰ елдерінің бизнес өкілдерімен кездесіп, сауда-инвестициялық серіктестікті тереңдету жолдарын талқылады. Өз сөзінде ол орнықты экономикаға көшу үшін күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

«Халықаралық нарықтағы тұрақсыздық жағдайында ШЫҰ – бұл диалог пен экономикалық сенім кеңістігі ретінде маңызды рөл атқарады. Қазақстан өндірістік кооперацияны нығайтуға, жасыл энергетиканы және цифрлық шешімдерді дамытуға дәйекті түрде қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі форум сияқты алаңдар бизнеске нақты альянстар мен бірлескен жобаларды құруға мүмкіндік береді», — деді Мұрат Қарымсақов.

Форум барысында келесі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды:

– тәуекелдер туралы ерте ескерту және төтенше жағдайларға әрекет ету бойынша өзара байланысты механизмді жетілдіру, соның ішінде өңірлік ескерту жүйесін құру және «жасыл дәліз» табысты тәжірибесін институционализациялау;

– цифрландыру мен экологияландырудың қос трансформациясын жеделдету;

– инвестициялар мен инновациялар үшін іскерлік ортаны оңтайландыру, оның ішінде трансұлттық өнеркәсіптік экожүйені дамыту, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және «ШЫҰ электрондық коммерциясы + өнеркәсіптік интернет» платформасын кеңейту.

Форум бағдарламасы ашылу пленарлық сессиясын, тақырыптық пікірталастарды және B2B-кездесулерді қамтыды. Тұрақты даму, энергетикадағы инновациялар және жаңа логистикалық бағыттарды қалыптастыру мәселелері басты назарда болды. Өнеркәсіп, инфрақұрылым және цифрлық сауда салаларында бірлескен кластерлерді іске қосу бастамалары ұсынылды.

Форум аясында CCPIT дайындаған «ШЫҰ жеткізу тізбегін дамыту туралы баяндаманың» тұсаукесері өтті. Құжатта өңір елдерінің өнеркәсіптік өзара байланысын нығайтуға қатысты негізгі үрдістер мен ұсынымдар қамтылған.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының форумға қатысуы ұлттық бизнестің басымдықтарын жоғары деңгейде жеткізуге, қазақстандық компаниялардың мүдделерін ілгерілетуге және өңірдің негізгі экономикалық серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Форум ШЫҰ аясында орнықты және инклюзивті экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған іс-шаралар сериясының жалғасы болды. Қазақстан ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бейілді екенін растайды және іскерлік серіктестіктің жаңа түрлеріне ашық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер