«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстандағы франчайзинг нарығының жаңа белесі

2025 жылғы 05 Қыркүйек
715 просмотров

Сарапшылар бизнес-модельге мемлекеттік қолдау мен жаңа заңдардың қажеттігін айтты.

Қазақстанда франчайзинг нарығы біртіндеп дамып келеді, алайда оның өркендеуі заңнамалық реттеудің және жүйелі қолдаудың жоқтығымен тежеліп отыр. Бұл жөнінде кәсіпкерлердің қатысуымен өткен кеңес барысында сала мамандары мәлімдеді. Жиын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды. Кеңесте сала өкілдері бәсекеге қабілетті ұлттық брендтер құру мақсатында күш біріктіруге шақырды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Ұлттық палата франчайзингтің жүйелі дамуының маңыздылығын сезіне отырып, бұл саланы реттеуге байланысты бастамаларды қолдайтынын атап өтті.

«Орта бизнесіміз қиын кезеңдерді бастан кешіп отыр. Осы бағытты дамыту үшін табысты тәжірибелерді меңгеру өте маңызды», – деді ол.

«Жылдам франшизалар» және құқықтық вакуум

Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығының (ОАФҚ) төрағасы Гүлбану Майғарина «жылдам франшизалардың» пайда болуы өзекті мәселелердің бірі екеніне назар аударды.

Оның айтуынша, жаңа ғана ашылған брендтер өз франшизаларын дереу сатуға көшкен.

«Біз 2 млн теңгеге үш аптада бизнесті толық қаптап беруге уәде беретін қаптамашылардың жарнамасын көп көріп жүрміз. Мұндай жолмен сатып алынған тіпті тиімді бизнестің өзі де көп ұзамай құлдырайды. Франчайзинг – қаржылық мәселелерді жылдам шешудің әдісі емес, ол мұқият қарауды қажет ететін күрделі инвестициялық бизнес-модель», – деді сарапшы.

Инвесторлардың құқығын қорғау және отандық брендтердің имиджін көтеру үшін айтарлықтай заңнамалық өзгерістер қажет. 2002 жылы қабылданған франчайзинг туралы Заң ескірген әрі қазіргі заман талаптарына жауап бермейді.

ОАФҚ төрағасының орынбасары Сейсенғали Қалиақпаров Қазақстанда франчайзингтің басқа елдердегідей мемлекеттен қолдау таппай отырғанын айтты.

«Ресей мен Қытай әлдеқашан алға шығып кеткен. Мысалы, Ресейде 2020 жылдан бері франшизаларды сатып алуға гранттар беріледі. Ал, бізде франчайзинг қажетті деңгейде қолдау таппай отыр. Қазақстанда осындай мәселелермен айналысатын Инвестициялар министрлігі де жоқ», – деп атап өтті ОАФҚ төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, франчайзинг қызметін реттейтін нақты мемлекеттік реттеуші орган айқындалмаған, бұған қоса франчайзинг жеке кәсіпкерлік қызметтің субъектісі ретінде қарастырылмайды. Бұл инвесторларды қажетті қорғаудан айырып отыр.

«Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияға айтарымыз: «франшизалан, әйтпесе бізді халықаралық нарық жұтып қояды». Біз өзгерістерді күтіп отырғанда, басқа елдер өз брендтерін қарқынды дамытып жатыр», – деді Сейсанғали Қалиақпаров.

Сарапшы мысал ретінде Қырғызстанды келтірді, айтуынша, АҚШ елшілігінің қолдауымен Нью-Йоркте өткен көрмеде олардың үш ұлттық франшизасы сатылып кеткен.

Шешу жолдары: франшизалар тізілімінен «ҚазБренд» байқауына дейін

Сарапшылар бұл мәселелерді шешу үшін жаңа, толыққанды заң қабылдау қажет деген сенімде. Қолданыстағы заң өте қысқа әрі маңызды анықтамалар мен терминдерді қамтымайды. Заңнаманы халықаралық нормаларға сәйкестендіру үшін тек франчайзинг туралы заңға емес, Салық, Кәсіпкерлік және басқа кодекстерге де өзгертулер енгізу қажет.

ОАФҚ өкілдері инвесторларды жосықсыз компаниялардан қорғау үшін франшизаларды аккредиттеу және сертификаттау бойынша жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын.

«Аккредиттелген франшизалар кәсіби қаптауға, қаржылық тұрақтылыққа әрі сенімді беделге кепіл береді», – деді ОАФҚ өкілдері.

ОАФҚ жаңа жобасы – «ҚазБренд» реалити-байқауы нарықты дамытудың тағы бір құралына айналды. Оның мақсаты – нағыз бизнес-пакетті қалай жасау керектігін көрсете отырып, үздік отандық брендтерді анықтау және дамыту.

Гүлбану Майғаринаның айтуынша, байқау инвесторларға франшизаларды дұрыс таңдауды үйренуге көмектеседі.

«Біз жаңа заң қабылданғанын күткіміз келмейді. Қазірдің өзінде Қазақстан қалаларын аралап, франчайзингтің не екенін, ұлттық брендтің не екенін әрі онымен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіріп жүрміз», – деді Гүлбану Майғарина.

Сондай-ақ, ол бизнестің, қауымдастықтардың және мемлекеттің бірлескен күш-жігерімен ғана жетістікке жетуге болатынын атап өтті.

«KazFranch» бас директоры Әдемі Досжанова көптеген кәсіпкерлер алаяқтыққа тап болатынын айтты. Мысалы, бір қазақстандық әйел ресейлік компаниядан 5 млн теңгеге «франшиза» сатып алған, бірақ ақыр соңында ол тек рефераттар жинағын ғана ала алған.

Бұл мәселені шешу үшін мамандар тексерілген франшизалар тізілімін құруды ұсынады. Қазір бұл тек ұсыныс қана, дегенмен қорғанудың жалғыз сенімді көзі тауар белгісін тіркеу болып отыр.

Қазақстандағы франчайзингтің дамуы жолындағы алғашқы қадамдар осындай жанашыр  сарапшылардың арқасында жасалып жатыр. Жуық арада ОАФҚ қолдауымен, 13 қыркүйекке дейін іріктелген үздік қазақстандық брендтер әрі қарай ауқымдауға шығарылады. Сондай-ақ, шара Венгрия, Түркия, Әзірбайжан және Түркменстан елдерімен қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумдарға сәйкес іске асырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174