«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жолдарға тәуелсіз бақылау сақтала ма? – Кәсіпкерлер пікірі

2025 жылғы 16 Қыркүйек
481 просмотров

Қазақстан жолдары мемлекет пен қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Алайда, Көлік министрлігі тәуелсіз бақылауды күшейтудің орнына, бизнестің пікірінше, жол сапасының жақсаруына нақты әсер ете қоймайтын басқа тәсілді ұсынып отыр.

Қазақстандағы жол құрылысы сапасын тәуелсіз бақылау функциясын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (РМК) тапсыру ұсынылып отыр. Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті алдымен орташа жөндеу сегментінен бастай отырып, осындай заңнамалық өзгерістер енгізуге ниетті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кеңесте барлық салалық қауымдастықтар мен одақтар бұл ұсынысқа қарсы шықты. Кәсіпкерлердің пікірінше, бақылаудың орталықтандырылуы бәсекелестікті жойып, бақылау сапасын төмендетеді әрі жаңа сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы ықтимал.

«Біз де жол жұмыстарының сапасын жақсартуды қалаймыз, бірақ тәуелсіз бақылауды және әділ бәсекелестікті сақтау да маңызды деп санаймыз. Функцияларды тапсыру – кәсіпкерлердің құқығын шектеу, басқаша айтқанда нарықты басып алу болып отыр. Мұндай тәсіл жолдардың сапасын арттырмайды, керісінше, монополияны күшейтіп, салаға жаңа тәуекелдер әкеледі», – деді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Данияр Молкенов.

Қолданыстағы заңнама техникалық бақылауды нарық субъектілері жүргізуге тиіс екенін нақты белгілейді. Сарапшылардың айтуынша,  бұл қызметті тек бір квазимемлекеттік құрылымға тапсыру бәсекелестік қағидаларына қайшы келіп, кәсіпкерлер теңдігін бұзады, сондай-ақ мемлекеттік сектордың экономикадағы үлесін азайту саясатына қарсы болады.

АЖК-мен өткен бұған дейінгі кеңесте де кәсіпкерлер бұл функцияны бір қолға беруге қатысты жоспарға қарсылықтарын нақты білдірген еді, алайда комитет заңнамаға түзетулер енгізу ниетін растаған болатын.

«Уәкілетті органның ұсыныстары негізсіз, талдау мен болжамдарға сүйеніп жасалмаған және саланың мүддесіне елеулі зиян келтіруі мүмкін», – деді Қазақстан Құрылысшылары ассоциациясының президенті Виктор Микрюков.

Кәсіпкерлер бұған балама жолды, яғни бақылау жұмыстарына өзін-өзі реттейтін ұйымдарға (ӨРҰ) мүше компанияларды қатыстыру тәсілін ұсынып отыр. Бұл ішкі бақылауды күшейтіп, қатысушылардың материалдық жауапкершілігін арттырады және адал бәсекелестікті қамтамасыз етеді.

«Біз техникалық бақылау функцияларын ЖАҰСО-ға беруге түбегейлі қарсымыз. Оның орнына сапаны және жауапкершілікті арттыру үшін ӨРҰ жүйесін дамыту қажет», – деді «Қазақстандық техникалық қадағалау және жобаларды басқару қауымдастығы» ӨРҰ төрағасы Ануар Кенжеғалиев.

Президент өткен жылғы Жолдауында жауапты мемлекеттік органдарға жол құрылысының сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар бергені белгілі. Енді кәсіпкерлік ортада жаңа бастамаларға ғана емес, осы тапсырмалардың орындалу үрдісіне де қатысты сұрақтар туындауда.

Ұлттық палата ҚР Премьер-министріне ресми хат жолдады, онда Автомобиль жолдары комитетінің жоспарын қайта қарап, жол құрылысы сапасын арттыратын әрі бизнеске залалы болмайтын нақты шешімдер табуды ұсынды.

Бұл мәселе сала субъектілерінің мүддесіне қарай шешіледі деген үміттеміз. ҰКП мәселенің қаралу барысын әрі қарай бақылап, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және бизнеске ақпарат беру жұмысын жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174