«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес үні ескеріле ме? Салық реформасына қатысты ашық диалог жалғасуда

2025 жылғы 24 Қыркүйек
888 просмотров

Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы тізіміне  оңайлатылған режимде жұмыс істей алатын 1,3 миллион бизнес субъектісі кіреді, деді Серік Жұманғарин.

Астанада вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен семинар өтті, онда Салық кодексіндегі негізгі өзгертулер талқыланды. Іс-шараға Қаржы министрі Мәди Такиев, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов, ҚР МКК төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов және басқа да өкілдер қатысты.

Мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері салық жүйесін жетілдіру және экономикалық өсімді қолдау бағытындағы реформаның негізгі тетіктерін талқылады. Басты мақсат – шағын бизнесті шектеу емес, нарықтағы барлық қатысушылар үшін тең жағдай жасау және көлеңкелі экономикамен күрес.

Кәсіпкерліктің көптеген өтініштерін ескере отырып, «Атамекен» ҰКП экономикалық қызмет түрлерінің тізімін әзірледі. Бұл мәселе әлі де қаралу үстінде.

Серік Жұманғариннің айтуынша, билік пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оңайлатылған салық режимін қолдануға рұқсат берілетін қызмет түрлерінің тізімін бірге дайындауда. Негізгі принцип – осы режимде бұрын жұмыс істегендер сол жерде қала алады.

Оның айтуынша, жалпы тізімге шамамен 1,3 миллион бизнес субъектісі кіреді. Рұқсат етілген тізімге мыналар енгізіледі:

B2C секторына бағытталған өңдеу өнеркәсібінің кейбір түрлері (тұтынушыға тікелей сату).

Бөлшек сауда (аумағы 2000 шаршы метрден асатын ірі форматтарды қоспағанда).

Ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, агроөнеркәсіп, сондай-ақ креативті сала, мәдениет және спорт.

Техникалық қызмет көрсету және жөндеу, тұрмыстық қызметтер.

Көлік, қоймалау және пошта қызметтері.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (қызмет түріне байланысты, мысалы, жеке кабинеттер).

Құрылыс жұмыстары (мысалы, сырлау жұмыстары).

Тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету.

Шаштараз, сұлулық салондары, «үй жанындағы» базарлар мен дүкендер.

Мектепке дейінгі білім беру.

Балық өсіру.

Тыйым салынған тізімге мыналар кіреді:

-Көтерме сауда, ірі бөлшек сауда.

-Қаржы секторы.

-Телекоммуникациялар.

-Құрылыстың кейбір түрлері.

Білім беру, мектепке дейінгіден басқа.

«Бұл шешім өңдеу өнеркәсібін ынталандыру және нарықты отандық өніммен қамсыздандыру қажеттілігімен түсіндіріледі. Салық реформасы бюджет кірістерін арттыру үшін қажет, өйткені шығындарды, оның ішінде әлеуметтік шығындарды қысқарту мүмкін емес», – деді Жұманғарин.

Райымбек Баталовтың айтуынша, бизнеске ақпаратты тікелей және ашық алу, өзекті мәселелерді талқылау және заңнамалық тәсілдерді түсіну өте маңызды.

«Жаңа кодексте бизнес пен азаматтар үшін нормаларды жеңілдетуге тырыстық. Бірақ кейбір тарауларды түсіндіруде қиындықтар әлі бар. Көптеген кәсіпкерлер үшін, әсіресе салық міндеттемелері мен бақылау процедуралары бойынша кей тұстары анық емес. Кодексті раында түсінікті ету үшін түсіндірмелердің қолжетімділігін жетілдіру және ақпараттық қолдауды күшейту бойынша толыққанды жұмыс қажет», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы.

Оның айтуынша, бизнестің барлық бастамалары қабылданған жоқ. Мысалы, салалық салықтық жеңілдіктерді сақтау немесе жалдамалы жұмысшылардың еңбекақы қорынан төлем жүйесін реформалау мәселелері әлі де өзекті. Сонымен қатар, бизнес үшін ҚҚС-ты әкімшілендіру мәселесі маңызды, бірақ оны мұқият зерттеу және іс жүзінде меңгеру қажет. Сондықтан, оның пайымынша, мұндай кездесулер аса құнды: олар қателіктерді азайтуға, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге және мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді серіктестікті арттыруға көмектеседі.

«Бүгінгі диалог салық ережелеріне қатысты ортақ түсінікті қалыптастыруға бағытталған қадам болмақ, сондай-ақ кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдеріне туындайтын мәселелердің шешу жолдарын бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

Жалпы, бүгінгі семинар өте қызу өтті. Кейбір сұрақтарға мемлекеттік орган өкілдері кейінірек ресми сайттарында жауап беретінін айтты. Сондай-ақ, көптеген сұрақтар техникалық сипатта болды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, барлық сұрақтар ескеріледі және қосымша талқыланып, жетілдіріледі.

«Жаңа Салық кодексі бойынша түсіндірмелер әлі де болады деп ойлаймын», – деді ол.

Райымбек Баталов та кәсіпкерлік қауымдастықпен жаңа Салық кодексі бойынша сындарлы диалог жалғасады деген пікірде.

«Бұл тек түсіндіру ғана емес, сонымен қатар кері байланыс алу, аргументтерді тыңдау. Ашық диалог «шикі» мәселелерді анықтауға және оларды жетілдіруге мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрлігімен бірлескен жұмыс барлық тараптың мүддесі ескерілген құжат жасауға бағытталған. Жаңа кодексті талқылау ашық форматта өтуде: онда ондаған сұрақ қойылды, бәрі өте ашық және күрделі. Бұл барлық тарапқа пайдалы», – деді ол.

ҰКП өкілі жақын арада жарияланатын құжаттың толыққанды ойластырылған әрі теңдестірілген болатынына сенімді.

Қызмет түрлерінің толық тізімі қамтылған қаулының жобасы жақын арада ресми түрде порталға қоғамдық талқылауға ұсынылады деп күтіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174