«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен салық мөлшерлемесін төмендету мәселелері талқыланды

2025 жылғы 02 Қазан
- Ақтөбе облысы
533 просмотров

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Негізгі тақырыптар «Даму» қорының бизнеске қолдау құралдары мен шағын кәсіпкерлік үшін салықтық жүктемені азайту бастамасы болды. Отырыста кеңес мүшелері, сондай-ақ қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова қатысты.

 

Отырысқа төрағалық еткен Ұлан Қозыбақов бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы конструктивті диалогтың маңыздылығын атап өтті.

– Біз бірлескен жұмыс кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауды күшейтіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді ол.

Кәсіпкерлікті дамыту қоры «Даму» өңірлік филиалының директоры Айнагүл Ниязова бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдері туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл қор ауқымды трансформациядан өтуде: басымдық пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудан жеңілдетілген несиелеу мен кепілдік беруге ауыстырылды.

– Біз «Өрлеу» бағдарламасын іске қосудамыз. Оның мөлшерлемесі – 12,6%, мерзімі – 10 жылға дейін. Бағдарлама басым салалардағы 56 қызмет түрін қамтиды. Ең маңыздысы – егер кепіл жеткіліксіз болса, кәсіпкерлер несие сомасының 85%-ына дейін кепілдікті бар болғаны екі жұмыс күнінде ала алады, – деп атап өтті Айнагүл Ниязова.

Оның дерегінше, 2025 жылдың сегіз айында өңірде жалпы 63 млрд теңгеге 573 жобаға қолдау көрсетілген.

«MFO ATAMEKEN AKTOBE» ЖШС директоры Нұрлан Құсмағанбетов несиелендіру жағдайына шолу жасады. Оның айтуынша, 2022 жылдан бері өңірдегі бизнесті банктік несиелеу көлемі екі еседен артық өсіп, 1,285 трлн теңгеге жеткен. Алайда өсіммен қатар тәуекелдер де күшейген.

– Мерзімі өткен қарыз көлемі 23 млрд теңгеден 52,9 млрд теңгеге дейін артты. Әсіресе, шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлер осал жағдайда. Қарыз жүктемесін азайту және ұзақмерзімді несиелеуді кеңейту бойынша шаралар қажет, – деді ол.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі «Даму» қорының қаржылық қолдау тиімділігін арттыруға бағытталған трансформациясын қолдады. Қатысушылар Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына, сондай-ақ облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына аудан кәсіпкерлерін қолдау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды және «Даму» қорымен бірлесіп қаржыландыру тетіктерін енгізуді ұсынды. Бұл қаржыландыру көлемін үш есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Даму» қорына кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қолдау шараларын кеңінен түсіндіру және бағдарламалар туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылды.

Отырыс аясындағы екінші бөлім 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексіне арналды. Құжатқа сәйкес, арнайы салық режимінің (АСР) базалық мөлшерлемесі 4% деңгейінде белгіленген, алайда мәслихаттар оны 2%-ға дейін төмендете алады. Бұл жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажет.

Палата сарапшысы Жанара Скендирова жоғары мөлшерлемені сақтау шағын бизнестің тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

– Егер маржа 15%, айналымы 30 млн теңге болса, 4% салық кәсіпкердің пайдасының 27%-ына дейін «жеп қояды». Бұл бизнестің дамуын тежейді. Ал 2% мөлшерлемені белгілеу – дағдарысқа қарсы шара болып, жұмыспен қамтуды сақтауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Ұзақ пікірталастан кейін Кеңес қалалық мәслихатқа 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2% мөлшерлемені енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Нақтырақ айтқанда, Кеңес Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөліміне шағын бизнесті қолдау үшін арнайы салық режимінің мөлшерлемесін (АСР) 2%-ға дейін төмендету жөнінде негіздеме дайындауды ұсынды. Мемлекеттік кірістер басқармасына 2% және 4% мөлшерлемелер бойынша болжамды түсімдерді, төлеушілер санының артуы мен салық базасының кеңеюін ескере отырып, есептеулер жүргізу ұсынылды. Мәслихатқа 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2% мөлшерлемені белгілеу мәселесін қысқа мерзімде қарастыру ұсынылды. Бұл ретте бөлшек салықты төмендетудің оң тәжірибесі ескерілді: ол кезінде түсімдердің және салық төлеушілер санының артуына алып келген болатын.

– Жаңа қолдау құралдары мен салықтық жеңілдіктердің үйлесуі өңірде кәсіпкерліктің тұрақты дамуына жағдай жасайды. Қысқа мерзімді бюджет шығындары ұзақмерзімді мүдделерден басым болмауы тиіс. Бизнеске бүгін көрсетілген қолдау – ертеңгі тұрақтылықтың кепілі, – деді Кеңес хатшысы Руслан Қуйшинов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174