«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО-да бизнесті Конституциялық Сот арқылы қорғау мәселесі талқыланды

2025 жылғы 06 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
276 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Сіздің құқығыңыз» жобасы жалғасуда.

Кезекті тікелей эфир барысында судья Назгүл Ибраева Конституциялық Соттың қызметі жағдайында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндіктері туралы мәселені қарастырды.

Конституциялық Сот бұрынғы Конституциялық Кеңеспен салыстырғанда кеңейтілген өкілеттіктерге ие болды. Ең басты жаңашылдық – азаматтар мен кәсіпкерлердің өз конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығы пайда болды.

«Бүгінгі таңда құқықтары нормативтік құқықтық актілермен бұзылған кез келген кәсіпкер Конституциялық Сотқа тікелей шағымдана алады. Бұл – құқықтық анықтықты қамтамасыз ету және бизнесті шамадан тыс шектеулерден қорғау жолында үлкен қадам», – деп атап өтті судья Назгүл Ибраева.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директор орынбасары Айжан Жангирханова Конституциялық Сотта бизнестің құқықтарын қорғау тақырыбы өңір кәсіпкерлерінің үлкен қызығушылығын тудырып отырғанын айтты.

«Кәсіпкерлер көбіне нормативтік актілер олардың құқықтарын шектейтін жағдайларға тап болады. Бүгінде олардың құқықтарын Конституциялық Сот арқылы қорғаудың нақты механизмі бар екенін түсіну маңызды. Осындай тікелей эфирлер арқылы кәсіпкерлер тек ақпарат алып қана қоймай, өзекті мәселелеріне нақты жауаптар алады», – деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, Конституциялық Соттың қызметі қолайлы бизнес-ортаны қалыптастырумен тікелей байланысты. Кәсіпкерлердің құқықтарын шектейтін актілердің конституцияға қайшы деп танылуы құқықтық тұрақтылықты нығайтады, тәуекелдерді азайтады және сот жүйесіне деген сенімді арттырады.

Айта кетейік, «Сіздің құқығыңыз» жобасы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – бизнестің құқықтық сауаттылығын арттыру және кәсіпкерлер мен сот жүйесі арасында диалог орнату. Жоба аясында судьялар мен сарапшылардың қатысуымен тұрақты эфирлер өткізіліп, кәсіпкерлер заңнамадағы ең өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174