«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстандық жүргізушілер Ресейдегі көші-қон шектеулерінен босатылды

2025 жылғы 10 Қазан
445 просмотров

Дағдарыстық жағдай Ресей басшылығымен жедел келіссөздер арқылы шешілді.

Аптаның басында Ресейде халықаралық тасымалмен айналысатын қазақстандық жүргізушілерге қатысты туындаған мәселе Қазақстан пайдасына шешілді. Екі ел басшылығы деңгейінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қазақстандық тасымалдаушылар визасыз 90 күннен артық болуға тыйым салатын Ресей нормасы аясынан шығарылды. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Экономикалық интеграция департаменті мәлімдеді.

Еске сала кетсек, дағдарыстық жағдай 6 қазанда Ресейде «Шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы» Федералдық заңына өзгерістер күшіне енгеннен кейін туындаған болатын. Жаңа түзетулерге сәйкес, визасыз кіретін шетелдіктер Ресейде бір жыл ішінде 90 күннен артық бола алмайды.

Аталмыш норма бірнеше себепке байланысты мыңдаған қазақстандық халықаралық жүргізушілердің қызметін қатерге тікті.

Қазақстанда өз кезегінде, халықаралық тасымалмен айналысатын жүргізушілер, оның ішінде шетелдіктер де болу мерзіміне қатысты көші-қон нормаларының шектеулерінен босатылған. Бұл шешім логистикалық тізбектердің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Ал, ресейлік шектеулер салдарынан қазақстандық тасымалдаушыларға жаппай айыппұлдарға және елден шығарылуға (депортацияға) ұшырау қаупі туындады. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының қысқаруына және тауар жеткізудегі күрделі кідірістерге алып келер еді.

Осы жағдайға байланысты Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, тасымалдаушылардан түскен жаппай өтініштерге қатысты жедел әрекет етті. Атап айтқанда, Ресей басшылығымен шұғыл келіссөздер өткізілді.

Шешім табылды: депортация мен айыппұлдар жойылды

Келіссөздердің қорытындысы бойынша қазақстандық тасымалдаушылар визасыз 90 күн болу нормасына енбейтіні жөнінде келісімге қол жеткізілді. Осылайша, олар үшін депортация және айыппұл қаупі жойылды.

Дегенмен, жағымды шешім қабылданғанға дейін жаңа норма қазақстандық тамымалдаушыларға біршама залал келтіріп үлгерген. «Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес, 9 қазанға дейін Ресейдің әртүрлі аймақтарында 31 жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынған әрі депортация туралы қаулылар шығарылған.

Жағдайды қиындата түскені – кейбір қазақстандық жүргізушілер түсініксіз себептермен Ресейдегі «Бақылаудағы тұлғалар тізіліміне» енгізілген.

Алдын ала талдау көрсеткендей, Ресейде енгізілген жаңа нормалар бірнеше екіжақты және халықаралық міндеттемелерді бұзған, оның ішінде:

- Азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімнің (4, 5 және 8-баптар) талаптарына қайшы. Бұл баптар шектеулер енгізілетін жағдайда олар туралы алдын ала ескертіп, консультациялар жүргізуді міндеттейді.

- ЕАЭО туралы келісімшарттың 66-бабы 1-тармағын, яғни өзге мүше мемлекеттердің азаматтарына қатысты жаңа кемсітушілік шараларды қолдануға тыйым салатын норманы бұзған.

Ұлттық палатада Ресей тарапы Қазақстанды алдын ала хабардар етпестен, қажетті консультациялық жұмыстар жүргізбегенін атап өтті.

Мәселе оң шешілгеніне қарамастан, ҰКП жағдайды бақылауда ұстап отыр және қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын жіті қадағалауда.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің айтуынша, аталмыш шешім – Үкімет, Мәжіліс және дипломатиялық корпустың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бұл мемлекет өз азаматтары мен бизнесін жедел әрі тиімді қорғай алатынының жарқын мысалы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174