«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағанды облысында бизнес пен мемлекеттік органдар еңбек заңнамасын сақтау мәселелерін талқылады

2025 жылғы 16 Қазан
- Қарағанды облысы
219 просмотров

Қарағанды облысында кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен еңбек заңнамасын сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараны Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек инспекциясы комитетінің департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.

Департамент басшысының орынбасары Мади Альжанның айтуынша, негізгі міндет – еңбек қатынастары тараптарымен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша екі мыңнан астам азаматтың өтініші қаралып, 319 құқық бұзушылық анықталған.

«Көбіне еңбек шартын жасамау, жалақыны кешіктіріп төлеу және қауіпсіз еңбек жағдайының болмауы жиі кездеседі. 81 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдардың жалпы сомасы 15,5 млн теңгеден асты», – деді Мади Альжан.

Кездесуге қатысушылар өндірістегі жарақаттану пен жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды. Өңірдегі тау-кен металлургия кәсіпорындарында ең көп оқиғалар тіркелуде. Алдын алу мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылып, еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы енгізілген.

«Сондықтан әрбір жұмыс беруші қызметкерлерін сақтандыруға міндетті. Шарт жасасудан бас тартқан жағдайда 160-тан 1000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Біздің компания жыл сайын екі миллиард теңгеден астам төлем жасайды және соңғы бес жылда бірде-бір өтемақы төлеуден бас тарту жағдайы болған жоқ», – деді АО «КСЖ «Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы»филиалының директор орынбасары Сария Хасанова.

Палатаның ШОБ комитеті төрағасы Владимир Быков ең төменгі сақтандыру жарнасын қайта қарау қажеттігін атап өтті.

«Шағын бизнес те, ірі кәсіпорындар да бірдей – 85 мың теңге төлейді. Бұл шағын бизнеске қосымша салмақ түсіріп, жұмысшыларды сақтандыруға ынтаны төмендетеді. Сондықтан заңға түзетулер енгізіп, сақтандыру жарнасының төменгі шегін алып тастау қажет», – деді Владимир Быков.

Кездесу барысында салалық кәсіподақ төрағасы Алмагүл Үсерова өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысы туралы айтты. Облыс бойынша 1200-ден астам бастапқы ұйым жұмыс істейді, олар 160 мыңнан астам қызметкерді біріктіреді.

«Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда өндірістік жарақаттану деңгейі айтарлықтай төмен», – деп атап өтті Алмагүл Үсерова.

Кездесуді қорытындылай келе, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаев барлық тараптардың өзара сындарлы іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.

«Бизнес үшін заң талаптарын түсініп, уақтылы орындау маңызды. Палата мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар еңбек қатынастары мен қауіпсіздік мәселелерін бірлесе талқылайтын ашық диалог алаңына айналуға дайын», – деп түйіндеді Азамат Қайырбекұлы.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174