Бизнеске нақты қолдау: Алтайда ауыл шаруашылық компаниясының құқықтары қалпына келтірілді
Алтай кәсіпкерлері өз мәселелерін оң шешуге Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің араласуының арқасында қол жеткізді. Бұған дейін Кеңестің көшпелі отырысында мемлекеттік қайта тіркеуден бас тартылған ауыл шаруашылық кәсіпорнының жағдайы қаралған болатын.
Еске сала кетсек, компания бюрократиялық кедергілерге тап болған. Қатысушылар құрамының өзгеруіне, соның ішінде шетелдік азаматтардың болуына байланысты серіктестік қайта тіркеуден өтуі тиіс еді. Алайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі шетелдік қатысуы бар орта және ірі бизнес субъектілеріне қойылатын талаптарды алға тартып, құжаттарды қабылдаудан бас тартқан.
Кәсіпкерлер өз серіктестіктерінің шағын бизнес санатына жататынын және оларға қосымша талаптарды қолдану негізсіз екенін атап өтті. Бас тартудың салдарынан кәсіпорын қайта тіркеуді аяқтай алмай, қалыпты шаруашылық қызметін жүргізуге кедергі келтірді: компания мемлекеттік жеңілдіктер ала алмады, қолдау бағдарламаларына қатыса алмады және несие рәсімдеу мүмкіндігінен айырылды.
Кеңес отырысында прокуратура өкілдері мен «Азаматтарға арналған үкімет» мамандарының қатысуымен мәселені шешудің нақты жолдары ұсынылды.
Корпорацияның ШҚО филиалының заңды тұлғаларды тіркеу басқармасының басшысы Әлия Дюзбаева түсіндіргендей, ҚР Азаматтық кодексінің 60-бабына сәйкес, шетелдік қатысушылардан берілген сенімхаттар болған жағдайда, олардың үлесін серіктестіктің бір қатысушысының пайдасына рәсімдеуге болады. Ол үшін жиналыс өткізіп, шешімді хаттамамен рәсімдеу жеткілікті - бұл жағдайда шетелдік тұлғаларға қатысты құжаттарды ұсыну қажеттілігі болмайды.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес бұл ұсынысты қолдап, «Азаматтарға арналған үкіметке» ТОО өтінішін қайта қарауды ұсынды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының, прокуратураның және тіркеу органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде мәселе оң шешімін тапты - кәсіпорын қайта тіркеу рәсімін сәтті аяқтады.
«Бұл - мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылының нақты мысалы. Маңыздысы, кәсіпкерлердің мәселелері назардан тыс қалмайды және Кеңестің қолдауымен заңды әрі әділ шешімдер табуға мүмкіндік бар», - деді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Айжан Жангирханова.
Қазіргі уақытта ТОО қалыпты режимде жұмысын жалғастырып, өндірістік қызметін жүргізуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: