«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағандыда сауда қызметі туралы заңдағы өзгерістер талқыланды

2025 жылғы 30 Қазан
- Қарағанды облысы
275 просмотров

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында сауда қызметін реттеу мәселелеріне арналған семинар өтіп, онда заңнамадағы негізгі өзгерістер мен ішкі сауда нарығына қатысты талаптар қаралды.

Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев заңның негізгі ережелері мен жаңартылған ішкі сауда қағидалары бойынша түсіндірме берді.

Негізгі өзгерістердің бірі — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме бағаның шекті мөлшерін белгілеу тәртібінің жаңартылуы. Енді үстеме бағаға жасырын комиссиялар мен тасымалдау және сақтандыру шығындарын қосуға тыйым салынады. Шекті мөлшерден асып кеткен жағдайда, кәсіпкерлік субъектісінің санатына және құқықбұзушылықтың сипатына қарай 5-тен 300 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

«Бұл талап баға қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Тұтынушы тауар бағасының неден құралатынын нақты білуі керек», — деп атап өтті Абзал Жұпарұлы.

Сондай-ақ дүкен сөрелерінде отандық өнімдерді орналастыру мәселесіне де назар аударылды. Жаңа қағидаларға сәйкес, сауда және сөре кеңістігінің кемінде 30% бөлігі «Қазақстанда жасалған» белгісі бар отандық тауарларға бөлінуі тиіс.

«Бұл — отандық өндірушілерді қолдаудың нақты тетігі. Ең бастысы — бұл талап іс жүзінде орындалуы керек, формальдылық болып қалмауы тиіс», — деді спикер.

Сонымен қатар, сауда нарықтарының және ірі сауда объектілерінің иелеріне объектінің жұмыс регламентін бекіту мен сақтау және инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз ету қажеттілігі ескертілді.

Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ өкілдері қатысушыларға Ұлттық тауарлар каталогынқұру туралы ақпарат ұсынды. Бұл жүйе тауар есебін біріздендіріп, позициялардың қайталануын азайтуға және өнім айналымының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Кездесу барысында қатысушылар жаңа талаптарды іс жүзінде қолдануға қатысты өзекті сұрақтар қойды.

 

Айта кетейік, Қарағанды облысында бүгінде 4,2 мыңнан астам сауда нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 92 сауда орталығы мен 85 супермаркет бар. Биылғы жылдың басынан бері сауда саласындағы заң талаптарын бұзғаны үшін 139 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174