«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҚҚС өсімі құрылыс саласын шығынға ұшыратуы мүмкін: бизнес Үкіметтен нақты шешім күтуде

2025 жылғы 04 Қараша
645 просмотров

Бұл туралы бизнес-қауымдастық өкілдері мемлекеттік органдармен өткен жиында мәлімдеді.

Қазақстанның құрылыс саласы күрделі мәселеге тап болды – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтеру туралы жоспар қолданыстағы мыңдаған мемлекеттік келісімшарттарды залалды етуі мүмкін.

Бизнес-қауымдастықтың пікірінше, сметалық бағаны түзетудің нақты механизмін шұғыл қабылданбаса, мемлекеттік тапсырыстың төмен кірістілігі толық жойылады. Бұл өз кезегінде кестелердің бұзылуына және әлеуметтік нысандар құрылысының тоқтауына әкеледі.

Мәселе «Атамекен» ҰКП алаңында өткен жиында егжей-тегжейлі талқыланды. Оған ҰКП Төралқасының Құрылыс және ТКШ комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті және Құрылыс істері комитетінің өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, қаржылық тәуекелдің мәні келесідей: жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) мен барлық қол қойылған мемлекеттік мердігерлік шарттар 12% мөлшерлемеге сүйене отырып бекітілген. Ал, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыстар, қызметтер мен материалдар 16% мөлшерлемемен сатып алынады әрі сатылатын болады.

«Егер мемлекеттік тапсырыс бойынша құрылыс жобаларының қазіргі маржиналдылығы 8% шамасында болса, онда ҚҚС-тың 4% өсімі бүкіл маржаны жойып, жобаларды шығынға ұшыратады. Бұл сала үшін өте сезінерлік мәселе», – деді ҚҚҚ президенті Виктор Микрюков.

Құрылыс компаниялары, соның ішінде ҰКП Төралқасының Құрылыс және ТКШ комитеті төраға орынбасары Ирина Манжанова, мемлекеттік инвестициялар есебінен 2026 жылға өтетін құрылыс жобаларын түзету механизмін жедел түрде әзірлеу қажет екенін атап өтті.

«Біз 12% мөлшерлемеде қала алмаймыз, себебі келесі кезеңге қажетті барлық материалдар 16% ҚҚС-пен сатып алынады. Жалғыз жұмыс істейтін механизм – тапсырыс берушімен қосымша келісім жасап, қалған жұмыс көлеміне 4% қосу», – деп түсіндірді ол.

          ҚҚҚ басшысы мемлекеттік органдарға келесі негізгі сұрақтар бойынша ресми түсініктеме беру туралы өтініш жіберілгенін мәлімдеді:

  • ҚҚС артуына байланысты құрылыстың сметалық құнын өзгертуге бола ма?
  • Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) келісімшарттары бойынша қайта қарау жүргізіле ме?
  • Материалдар сатып алудағы инвестициялық шығындардың өсуі қалай ескеріледі?

Формалды механизм бар, бірақ ол жұмыс істемейді

Қаржы министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16% болатынын және ол осы кезеңде жүзеге асырылатын барлық сату айналымдарына қолданылатынын растады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков бұл мәселені шешуге арналған заңнамалық негіз бар екенін айтты.

«Мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру ережелеріне сәйкес, салық мөлшерлемелері өзгерген жағдайда жобаның құнын ұлғайту қарастырылған. Бұл дәл сондай жағдай», – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, түзету рәсімі тапсырыс берушімен келісу, қосымша шығындарға рұқсат алу үшін бюджеттік комиссиядан өту және қажет болған жағдайда сараптамадан өткізу арқылы жүзеге асырылуға тиіс.

Алайда, құрылыс саласының өкілдері бұл формалды механизмнің іс жүзінде орындалмайтынын айтады – тапсырыс беруші болып отырған жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) мердігерлерге нақты жауап бермейді және процесті іске асыруға дайын емес.

Құрылысшылар Құрылыс істері комитеті немесе салалық министрліктен ресми хат түрінде бірыңғай шешім қабылдануын сұрап отыр. Онда бағаны қайта қарау алгоритмі нақты регламенттелуге тиіс. Мұндай құжатсыз келісімшарттардың орындалмай қалу, айыппұлдар мен сот дауларының қаупі жоғары.

Тұрғын үйге салынатын ҚҚС және құрылыстың басталу мерзімінің анық болмауы

Сонымен қатар тұрғын үйге ҚҚС қолдану мәселесі де көтерілді — бұған дейін тұрғын үй сату бұл салықтан босатылған болатын.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үйді ҚҚС-тан босату алынып тасталады.
Дегенмен, маңызды өтпелі нормалар көзделген:

  • 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін құрылысы басталған немесе пайдалануға берілген тұрғын үйге ҚҚС қолданылмайды;
  • 2026 жылға дейін жасалған ұзақ мерзімді жалдау (кейін сатып алу шартымен) келісімдері де ҚҚС-тан босатылады.

«Қазір құрылыс объектісінің басталу күнін салық салу мақсатында ресми түрде анықтайтын құжаттың қандай болатыны нақты белгісіз. Мемлекеттік органдар бұл мәселені қысқа мерзімде шешіп, барлық құрылысшыларға түсініктеме беруге тиіс, әйтпесе болашақта салықтық даулар туындауы мүмкін», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

2026 жылдың басынан ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға өсуі келісімшарттық міндеттемелердің жалпы құнын арттырып, келесі жылға өтетін жобаларға әсер ететіні сөзсіз. Бұл, әсіресе, баға индексациясы қарастырылмаған мемлекеттік келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін құрылыс компаниялары үшін үлкен қаржылық тәуекел тудырады.

Кейбір жағдайларда бұл шығындарға, құрылыс кестесінің бұзылуына және тапсырыс берушілер мен мердігерлер арасындағы сот істеріне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, салық мөлшерлемесінің айырмашылығы жобалардың жалпы құнын арттыратындықтан, қосымша бюджет қаржыландыруы қажет болады.

«Атамекен» ҰКП жаңа ҚҚС мөлшерлемесін мемлекеттік құрылыс жобаларына қолданудың бірыңғай тәртібін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Бұл тапсырыс берушілер мен мердігер ұйымдардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.

Жиын барысында мемлекеттік органдарға түсіндірме беру және жаңа салық мөлшерлемесіне көшу кезінде туындайтын жағдайларды реттеудің ықтимал тәсілдерін қарастыру ұсынылды.

Жиын қорытындысы бойынша салық заңнамасындағы өзгерістердің құрылыс саласына теріс әсерін барынша азайтып, мемлекеттік құрылыс жобаларын уақтылы аяқтауға мүмкіндік беретін тетіктер әзірленеді деп күтілуде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174