«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада Жапонияның Жастар палатасы өкілдерімен кездесу өтті

2025 жылғы 11 Қараша
991 просмотров

2025 жылғы 11 қарашада Астанада Жапонияның Жастар палатасы делегациясымен кездесу өтті. Іс-шара кәсіпкерлік, көшбасшылық және жастар бастамаларын дамыту саласында тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Кездесуге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының өкілдері қатысты. Жапон тарапынан Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Иидзима мен Елшілік атташесі Шимон Комия, сондай-ақ Жапонияның Жастар палатасының атқарушы директорлары қатысты. Аталған палата – елдегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі болып табылады және көшбасшылық пен жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізеді.

Қатысушыларды «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Төрағасы Мұрат Қарымсақов қарсы алды. Өз сөзінде ол Қазақстан мен Жапония арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, жапон әріптестерінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті: «Біз үшін Жапонияның жетекші қоғамдық ұйымдарының бірі – Жастар палатасының өкілдерімен тәжірибе алмасу үлкен құрмет. Біз кәсіпкерлік, көшбасшылық және жастарды дамыту салаларындағы жапон тарапынан жүзеге асырылып жатқан бастамаларды жоғары бағалаймыз. Олар бүкіл әлемге белгілі», – деді ол.

Кездесу барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі қызмет бағыттары таныстырылды, соның ішінде бизнес құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіпкерлік ортаны дамыту және мемлекет пен бизнес арасындағы диалогты нығайту мәселелері қамтылды.
Жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды: Қазақстанда 35 жасқа дейінгі 753 мыңнан астам жеке кәсіпкер тіркелген, олардың 52,5%-ын әйелдер құрайды.

Сонымен қатар, екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мақсатында Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитет жұмыс істейтіні атап өтілді. Бұл комитеттің қазақстандық тараптағы қызметін Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы үйлестіреді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру және кәсіпкерлік салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап, дуальды оқыту мен кадрлар біліктілігін арттыру жобаларын дамыту мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ, жапон үлгісі бойынша жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ерекше атап өтілді. Аталған бастама жергілікті брендтерді, қолөнер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуға және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға ықпал етеді.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174