«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасындағы қоғамдық тыңдау: жер учаскелері төлемақысының мөлшерлемесі қайта қаралуы тиіс

2025 жылғы 11 Қараша
- Шымкент қаласы
210 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында қоғамдық тыңдау өтті. Жиынның күн тәртібінде қала әкімдігі мен мәслихатының «Шымкент қаласында жер учаскелерi жеке меншiкке берiлген кезде олар үшiн төлемақының базалық ставкаларын белгілеу туралы» бірлескен шешімінің жобасы талқыланды.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Палата басшылығы, Кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, жобаны әзірлеуші және мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева баяндама жасады.

 

«Кәсіпкерлер палатасының қарауына Шымкент қаласы әкімдігі мен мәслихатының «Жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық мөлшерлемесін белгілеу туралы» бірлескен шешімінің жобасы келіп түсті. Бұл жобада төлемақының базалық мөлшерлемесін жеке меншікке беру кезінде 1 шаршы метр үшін 2512 теңгеден 4 210 теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Жобаны әзірлеуші базалық мөлшерлемені есептеу «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қорытындысы негізінде орындалғанын, қала бойынша базалық мөлшерлеменің орташа мәні 1 шаршы метрге 8 022,25 тг мөлшерінде айқындалғанын, есептен 25% «үстеме пайда» алынып тасталғанын және 0,7 төмендету коэффициенті қолданылғанын түсіндіреді. Біз ұсынылған жобаның экономикалық бөлігі үстіртін сипатталған деп санаймыз және көптеген сұрақтар туындауда. Жобаны зерделеп, әзірлеуші орган, нормативтік құжаттың бизнеске және әлеуметтік-экономикалық салдарға әсерін көрсететін талдауды ұсынбағанын анықтадық. Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасы бұл механизмге қарсы емес, бірақ, мөлшерлеме жоғарылауының кәсіпкерлікке әсерін жан-жақты бағалау қажет деп санайды. Бұл, әсіресе, шағын бизнес пен құрылысшылар шығындарының артуына, жаңа инвестициялардың тартымдылығының төмендеуіне және жерді сатып алу бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты кәсіпкерлік қоғамдастықтың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізу қажеттілігі туындады. Өз кезегінде Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы мемлекет пен кәсіпкерлер мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін әкімдікпен, мәслихатпен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», – деді Майя Исаева.

Жиын барысында жобаны әзірлеушілер жоба туралы түсіндіріп берді.

«Базалық мөлшерлемені өзгертуді әзірлеуге ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің (ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің) хаты негіз болды. Министрлік 2023 жылдың күзінде бүкіл еліміз бойынша жер учаскесіне төлемақының кадастрлық құны бойынша базалық мөлшерлемесіне анализ жасаған болатын. Соның негізінде базалық мөлшерлеменің ескіргенін, қазіргі инфляция жағдайында жер учаскелерінің нарықтық құнымен салыстырғанда төмен екенін анықтайды. Бізде заңға сәйкес кадастрлық мөлшерлемені әзірлеу арнайы мекеме – «Азаматтарға арналған үкімет» корпорацияның құзіретіне жатады», – деді Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасының өкілі Асқар Жұмышиев.

«Бұл жұмыстар 2022 жылдан бері жалғасып келеді. ҚР Жер кодесінің 48-бабы бойынша жер сатылмайды, аукцион арқылы беріледі. Ал Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, қаланың әр ауданындағы жер учаскелерінің бағалық мөлшерлемесі әртүрлі. Сондықтан, сол көрсеткіштердің ортақ мөлшерлемесін шығару қажеттілігі туындайды. Соған қоса қаладағы сатылып жатқан бос жер учаскелердің, үйлердің бағалары әртүрлі. Осылайша үйлердің орташа сатылу бағасын 28 млн теңге деп алдық. Сонда, 10 соттық учаскенің әр соттығы 28 мың теңгеге шықты. Содан кейін бүкіл дүниежүзі бойына қолданылатын 75 пайыз артық кіріс мөлшерлемесін қолдандық. Ал бос жер учаскелердің қала бойынша орташа сатылу бағасын 12 млн теңге етіп белгіледік. Егер жер учаскесі мен үйлердің орташа баға мөлшерлемесі жоғарыласа, қаламыздың бюджетіне түсетін салық та көбейеді деп санаймыз», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалының өкілі Бақтияр Әлсейітов.

Кеңес мүшелері төлемақының базалық мөлшерлеменің қайта қарауға қарсылық жоқ екенін, тек өзгерістердің шағын бизнес өкілдері мен қарапайым тұрғындарға ықтимал әсері болуы мүмкін екеніне алаңдаушылық танытатындарын жеткізді. Жоба әзірлеушілер бұл сұрақтарға базалық мөлшерлеменің өзгеруі негізінен салық салуға, аукциондар өткізуге қатысты деп жауап берді.

Палата директорының орынбасары әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу барысында оның қабылдануының ықтимал қоғамдық-саяси, құқықтық, ақпараттық және өзге де салдарларын бағалауы тиіс деп атап өтті. Сонымен қатар, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес, түсіндірме жазбада жобаның қабылдануы салдарынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарының азаюы және (немесе) көбеюі жөніндегі есептердің нәтижелері көрсетілуі тиістігін, ал жобада бұндай есептер ұсынылмағанын, тиісті есепсіз жобаның кәсіпкерлік қызметке нақты әсерін бағалау мүмкін еместігін көрсетті.

Ал Кеңес төрағасы Қайрат Акенов жобаның экономикалық есептері мен құқықтық негіздемелері жеткіліксіз болғандықтан, қазіргі күйінде қабылдау орынсыз деп, бұл мәселені көпшілікке таныстыру, қала құрылысы кеңесінде бизнес өкілдері мен уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен қарау қажет деп мәлімдеді.

Жобаны әзірлеушілер ұсыныс-ескертпелерді қабыл алып, бұл құжатты алдағы уақытта тиісті тәртіптерге сай бұқаралық ақпарат құралдары мен сайттарда жариялап, көпшілік назарына ұсынатындарын жеткізді.

Жиын соңында кәсіпкерлерден түскен ұсыныстарды ескере отырып, Кеңес мүшелері резолюция қабылдап, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасына:

– Қолданыстағы базалық мөлшерлемелерді орталық, шеткі және шалғай аймақтарға бөлу арқылы экономикалық тұрғыдан негізделген тәсілмен қайта қарауды;

– Қаралып отырған жобаны қосымша пысықтап, бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен қайта қоғамдық талқылауға шығаруды;

–Жерге төлем мөлшерлемелерін айқындау кезінде жер учаскелерінің нысаналы мақсаты мен қаладағы орналасқан аймақтары бойынша дифференциация жасауды қарастыру ұсынысымен сараптамалық қорытынды әзірлеуді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174