«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан облысында құрылыс және ТҚШ саласының өзекті мәселелері талқыланды

2025 жылғы 14 Қараша
- Түркістан облысы
138 просмотров

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалық кеңесінің кезекті отырысы 14 қараша күні Түркістан қаласында өтті. Басқосу саланың түйткілді мәселелерін талқылауға, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында ашық диалог орнатуға арналды.

Отырысқа Кеңес мүшелері, қалалық прокуратура, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлік субъектілері мен өңірдің аудандық филиал директорлары онлайн және офлайн форматтарда қатысты.

Іс-шараға Құрылыс және ТҚШ салалық кеңесінің төрайымы М.Ислам төрағалық етті. Ал жиынның модераторы қызметін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары З.Амирова атқарды.

Ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалардағы өрт қауіпсіздігі – басты назарда

Күн тәртібінің алғашқы мәселесі Түркістан облысындағы ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар, тойханалар және қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына арналды.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері кәсіпкерлерге нысандарда анықталған негізгі тәуекелдерді атап өтті және қауіпсіздікті арттыру бойынша нақты ұсыныстар берді.

Кәсіпкерлер де өз кезегінде тексерулер кезінде туындайтын қиындықтар мен нормалардың түсіндірілуіндегі бірқатар олқылықтарды жеткізді.

Сыртқы көрнекі жазуларға қойылатын жаңа талаптар кәсіпкерлерді алаңдатуда

Жиындағы екінші мәселе — Түркістан қаласы аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы маңдайшалар мен жазуларына қойылатын талаптар бойынша туындаған кәсіпкерлер өтініштері.

Қала сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері жаңа талаптарды түсіндіріп, олардың қала келбетін біріздендіру мақсатында қабылданғанын атап өтті.

Кәсіпкерлер маңдайшаны орнату кезіндегі рәсімдердің қиындығын, келісу мерзімдерінің ұзақтығын және бұрын орнатылған конструкцияларды ауыстыруға қатысты талаптарды айтып, қарсылықтарын білдірді, себебі, ол қосымша қаражат жұмсауды талап етеді.

Палата өкілдері бұл мәселе бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары хаттамалық шешімге енгізіліп, тиісті органдарға жолданатынын жеткізді.

Отырыс соңында барлық ұсыныстар қорытындыланып, хаттамалық шешім қабылданды. Жиынға қатысқан тараптар салалық Кеңес алаңының кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты қамтамасыз ететінін атап өтті.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, салалық мәселелерді шешу және өңірлік кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсету бағытындағы жұмысын жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174